«Жайсан» өткізу пункті арқылы Ресейден вейптерді заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды

Фото: видеодан алынған скрин

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Жайсан-автомобиль» шекаралық өткізу пунктінде Ресей Федерациясынан келе жатқан екі жүк көлігі ұсталды. 

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тексеру барысында тыйым салынған өнімдердің ірі партиясы анықталған.

Атап айтқанда:

13 мың электрондық тұтыну жүйесі (вейп);

2 мың дана вейпке арналған сұйықтық;

14 мың дана шылымсыз темекі өнімдері.

Фото: видеодан алынған скрин

Аталған факті бойынша екі азаматқа қатысты сот үкімі шығарылды. Олар 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жалпы құны 26 млн теңге құрайтын вейптер тасымалданған көлік құралдары тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында құны 100 млн теңгеден асатын заңсыз вейп сатпақ болған топ ұсталды.