ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде Мәжіліс депутаттары мен Жайық бойымен жүзетін тарихи-мәдени экспедициясының тұрақты қатысушылары Батыс Қазақстан және Орынбор облыстары жастар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, аталмыш трансшекаралық өзеннің экологиялық жай-күйін талқылады.
Басқосуда Мәжіліс депутаты Елена Тарасенконың мәлім еткеніндей, 22 шілдеде басталатын он сегізінші бірлескен қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени экспедицияға жастар қоғамдық ұйымдарын тартып, эстафетаны солардың қолына беру ойластырылуда. Өйткені әрбір жастың өз өлкесінің табиғатын білуі айрықша маңызды. Қазір аталмыш жорыққа дайындық қызу жүргізілуде.
Орынбор облысы құрылыс, коммуналдық және жол шаруашылығы жастар министрі Виктория Юлдашеваның сөзіне қарағанда, мұндай форум өзара тәжірибе алмасып, екі аймаққа ортақ экологиялық мәселені бірлесіп шешу үшін керек.
Жайық өзенінің жай-күйін жақсарту туралы айтылғанына біраз болды. Бірақ сөз көп те, іс аз. Бастауын Башқұртстаннан алып, Орынбор арқылы Батыс Қазақстанға ағатын Жайық өзені жыл санап тайыздалып, табиғатының тынысы тарыла түсуде. Екі елге ортақ мәселе болғандықтан, оны шешу күн тәртібінде тұрғанмен, әлі мемлекетаралық келісімге қол жеткізілмей отыр. Жиында аталып өтілгеніндей, мұның бәрі кешенді шешілуі қажет.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).