Жайық-Каспий бассейнін батып кеткен кемелер мен қайықтардан тазартуға 4,5 миллиард теңге жұмсалады - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 сәуір, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде бизнесті қолдау мен дамытуға арналған бірегей бағдарламаны жүзеге асыру басталғаны жария болды. Ол туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Қаныш Төлеушин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, аталған қордың басқарушы директорлары Ғабит Лесбеков пен Нұрлан Ақшанов айтыпты. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Бірегей бағдарламаны жүзеге асыру басталды» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Бағдарламаның жетілдірілген шаралары жөнінде әңгімелеген «Даму» қорының басшысы 180 млн. теңгеге дейінгі сомадағы жобаларды қаржыландыру жұмыстары жеделдетілгенін атап өткен. «Сөзді Үкiмет қабылдаған жаңа бiрегей бағдарламадан бастайық. Бизнестi дамыту мен қолдауға арналған аталған бағдарлама «Бизнестiң жол картасы-2020» және басқа да бiрқатар салалық бағдарламалардың базасында жасалды. Жаңа бағдарлама жасауды өткен жылы Президент Үкiметке тапсырған болатын. Өткен айда Үкiмет жаңа бағдарлама туралы қаулы қабылдады. «Даму» қоры осы жаңа бағдарламаның қаржы агентi болып қала бередi», - дедi Л.Ибрагимова.

«Кәрі құрлықты кезекті дағдарыс бұлты торлады. Бүтін бір құрлықты тығырыққа тіреген бұл дағдарыстың себебі Еуропаға толассыз ағылған заңсыз мигранттар тасқыны болып отыр. Заңсыз жолмен жер ауған африкалықтардың Жерорта теңізінде жиі-жиі апатқа ұшырауы жаһан жұртын алаңдатып, Еуропалық одақты шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрлеуде», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Еуропаны босқындар басып барады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, өткен жексенбіде Жерорта теңізінің Сицилия бұғазында 700-ден астам заңсыз мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, теңізге батып кетті. Осы жантүршігерлік апат салдарынан кемеге мінген адамдар түгелге дерлік қаза тапты. «Тек өткен жылы ғана Жерорта теңізі арқылы Еуропаға қашқан мигранттардың ішінен 3,5 мың адам суға кеткен болатын. Алайда, биылғы жылдың басынан бері Жерорта теңізінде орын алған апаттар салдарынан болған қасірет өткен жылғыдан бірнеше есе асып түсетін сияқты. Тек сәуір айының ортасына дейін теңіз арқылы кәрі құрлыққа қашқан 900-ден астам африкалықтар мерт болды. Олардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар еді. Сәуір айының соңғы апталарында Жерорта теңізінде бірінен кейін бірі 3 үлкен апат орын алды. Осы апаттардың салдарынан бір жұманың ішінде ғана 1300 мигрант суға кетті. Жерорта теңізі жағалауында жиі-жиі орын алған апаттар салдарынан Италия премьер-министрі Маттео Ренци шұғыл мәлімдеме жасап, Брюссель қаласында еуропалық саммит шақырылуын талап етті», - деп жазады мақала авторы.

***

«Жайық-Каспий бассейнін батып кеткен кемелер мен қайықтардан, металл құрылғылардан тазартады. Мұндай қалдықтардың жалпы салмағы 54 мың тоннадан асып жығылады», - деп жазады «Литер» газеті "Государство потратит 4,5 миллиарда тенге на подъём со дна Каспия затонувших кораблей" деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Каспий айдынында және оның жағалау белдеуінде әлі күнге дейін 80-нен астам кеме мен қайық және әртүрі металл құрылғылар жатқан көрінеді. Статистикалық деректерге сәйкес, мұндай кемелердің бортында мұнай өнімдері, өндірістік және тұрмыстық қалдықтар болатын көрінеді. Суға батқан кемелерді шығару жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізілмек. Жалпы жұмыстарды атқаруға 35,5 ай уақыт кетеді

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, қазақстандық балаларды асырап алған американдықтар Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қаржы жинауда. Басылымның жазуынша, қазақстандық баланы асырап алған американдық былай деп жазыпты: «Бұл қаржы Ақтауда дүниеге келген менің қызым Лексиден қарағандылықтарға арналады». Ақша жинау науқанын қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын қарағандылық Василий Бондарчук пен Елена Бродкорб бастамашы болған. Бұл бастаманы белсенділер Айнұр Нұркина мен Айжан Құл-Мұхаммед және «Қазақстандық-Американдық қауымдастық» қоғамдық бірлестігі қолдаған.

«Он күннің ішінде біз 6800 доллар жинадық. Біздің мақсатымыз су тасқынынан зардап шеккендерге 10 мың доллар аудару», - дейді Айнұр. Мақала "И все-таки она вращается" деген тақырыппен берілген.