ОРАЛ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Шілденің 25-інде «Нұр Отан» ХДП, БҚО әкімдігі, Орынбор облысы басшылығы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Жайық өзені бойымен 14-інші қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, экологиялық экспедиция басталмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл аталмыш жорық Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мен ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналмақ. Оған Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Орынбор облыстарының өкілдері қатыспақшы.
Экспедиция жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенконың айтуынша, Жайық мәселесін жорыққа қатысушылар жыл сайын көтеріп, оны зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өзенді қос мемлекеттің қатысымен қорғау керектігі қазір өзекті мәселеге айналып отыр. Биыл экспедицияның қазақстандық бөлігі Орал қаласында бастау алып, Бөрлі ауылында жалғасады. Содан кейін Орынборда ресейліктермен кездесіп, түрлі шаралар өткізіледі. Жорық шілденің 31-інде Орал қаласында мәреге жетеді.
Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің сөзіне қарағанда, Орынбор жерінде Гай ауданы Ириклин шатқалынан басталып, Орск қаласында аяқталатын бірлескен жорыққа орынборлықтар да белсене атсалыспақшы. Өйткені Жайық мәселесі екі облысқа да ортақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).