Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр

None
ОРАЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде ғана су көтеріліп барады. Қалған өзендерде судың беті қайтты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен 10 сәуір күні түскен мәліметке қарағанда, Ириклин су қоймасынан секундына 20, Варфоломеевтен 12,5 текше метр су жіберілуде.

Облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолында Ақбұлақ ауылы тұсында (10-шақырымда) жолға су шыққанымен, қозғалыс бар. Үлкен Шаған-Вечный жолының 78-шақырымында су өткізетін тұрбаның тұсында топырақты су шайып кеткен. Көктемгі лайсаңға байланысты Зеленов ауданының Астафьев, Карпов, Таловая елді мекендерімен көлік қатынасы үзілген.

Республикалық маңызы бар жолдарда су шайған жерлер жоқ.

Облыс аудандарында су тасқынынан келер қауіп сейілді.

Тасқынның алдын алу жұмыстарына ТЖМ бөлімшелерінен 207 адам, 47 техника, 40 жүзу құралы, жергілікті атқарушы органдардан 653 адам, 161 техника қатыстырылуда.