Бұл туралы Атырау қаласының тұрғыны облыстық Экология департаментіне komek109.kz желісі арқылы шағым түсірген. Осыған байланысты департамент мамандары Жайық өзеніне Ерік-Мостовой каналынан лас су аққан тұстан сынама алған.
«Ерік-Мостовой каналы шаһардағы «Атырау» шағын ауданынан басталады. Қала аумағы арқылы Ракуша және Еркінқала ауылдарының қиылысы тұсынан Жайық өзеніне қосылады. Су сынамаларын талдау қорытындысымен хлорид және құрғақ қалдық көрсеткіштері рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу дерегі анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты департамент мамандары Атырау қаласының әкіміне арнайы хат жолдады. Онда Ерік-Мостовой каналынан Жайық өзеніне ағып жатқан суды тоқтату, канал жағасын, ішін қалдықтардан тазалау шараларын жүргізу айтылған.
Бұл каналдың ұзындығы – шамамен 15 шақырымдай. Канал 2000 жылдардың басында дренаж жобасын іске асыру үшін қазылған. Қазір қараусыз жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кәріз коллекторындағы ақаудан бір шағын аудан сусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Балықшы шағын ауданындағы кәріз коллекторында ақау анықталған.
«Балықшы шағын ауданында кәріз коллекторында ақау шықты. Осыған байланысты аталған шағын ауданда 20 шілдеге қараған түні сағат 00:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін су беру уақытша тоқтатылады», - деп хабарлаған еді әкімдіктің баспасөз қызметі.