«Жайық Пресс» ЖШС журналистер күніне орай ардагерлерді, сала үздіктерін марапаттады

None
ОРАЛ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін өңірдегі қос облыстық, он бір аудандық газетті біріктіретін, дербес баспаханасы, ақпарат орталығы бар «Жайық Пресс» ЖШС-да баспасөз қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын болды.

Онда серіктестіктің бас директоры Жантас Сафуллин жиналғандарды мерекемен құттықтап, журналистика ардагерлеріне, сала үздіктеріне алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер атынан Мәжит Қайырғалиұлы, Мағжан Кенжеғалиев, Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің қызметкері Мүсірбек Айташев және басқалар ізгі тілектерін білдірді.

Өңірге танымал кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Ақсерік Әйтімов «Жайық Пресс» ЖШС ұжымына мейрамға байланысты тілегін жеткізіп, қос бірдей ноутбукті тарту етті.