Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облысы бойынша Экология департаменті өкілдерінің, сондай-ақ Ведомствоаралық комиссия мүшелерінің қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында кәсіпорынның Жайық өзеніне тастайтын судағы зиянды заттар көрсеткіштерінің артуына қатысты нәтижесі «Атырау су арнасы» КМК-ны тексеру нәтижесі ресми түрде жарияланды.
Тексеру барысында 14 желтоқсанда департамент №1 Атырау қаласындағы су құбыры тазарту имараттары (СҚТ) өнеркәсіптік алаңы арқылы Жайық өзеніне жіберілетін судан сынамалар алынды.
«Сынама нәтижелері хлоридтің шамадан тыс асып кетуін көрсетті. Атап айтқанда, хлоридтердің нақты көрсеткіші 505,596 мг/дм3 құрады. Рұқсат етілетін көрсеткіш 108 мг/дм3 болғанда төгіндіде 396,6 мг/дм3 артық болғаны. Осылайша, «Атырау су арнасы» КМК тарапынан ҚР Экологиялық кодексінің табиғат пайдаланушының ағынды суларда ластаушы заттардың шоғырлануын белгіленген нормативтерден асырмауы туралы айтылған 225-бабы 4-тармағының талаптары бұзылды. Сондай-ақ, кәсіпорын ағынды суларды есепке алу журналын жүргізбеген», - делінген облыстық экология департаменті таратқан хабарламада.
Департаменттің тексерісі нәтижесі бойынша «Атырау су арнасы» КМК үстінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы бойынша белгіленген нормативтерді сақтамағаны жөнінде әкімшілік іс қозғады.
Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашевтің айтуынша ведомствоаралық комиссия мүшелерінің бірлескен жұмысы барысында Жайық өзенінен 4 тонна 165 кг өлген балық жиналды. Биологиялық ортаға жалпы сомасы 4,2 миллион теңге шығын келтірілген.
«Сонымен қатар, біз Жайық өзенінің түбіне сүңгушіні түсірдік, ол 30 метр радиустағы аумақты зерттеді. Ол балық қыстайтын екі тереңдікте жүргізілді. Өзен түбінде өлі балық ұшасы табылған жоқ. 19 желтоқсанда Геолог кентінде қырылған балыққа келер болсақ, бұл таяз суда оттегінің жетіспеуінен болған. Бұл табиғи жағдай. Геологта барлығы 230 келі өлі балық жиналды», - деді Арман Молдашев.
Айта кетейік, 6-25 желтоқсан аралығындағы кезеңде «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Атырау облыстық филиалы барлығы 84 сынаманы зерттеді, оның ішінде Жайық өзенінің суынан - 69 сынама, СҚТ су ағызу құдығынан - 8 сынама және Атырау қаласындағы СҚТ су құбырының суынан - 7 сынама алынды.
«Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша барлық алынған сынамалар бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша СанЕжН талаптарына сәйкес келеді, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмейді. Сонымен қатар, 8 желтоқсанда «Ұлттық сараптама орталығы» АФ-на Жайық өзенінен тірі балықтың 7 сынамасы алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді», - деп қорытынды жасады экология департаментінің өкілдері.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Экология департаменті мен құқық қорғау органдары Жайық өзеніне су ағызуды жүзеге асыратын тағы үш кәсіпорынды тексеріп жатыр. Осылайша Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуының себебі және оған кінәлілер қылмыстық істі тергеу аяқталғаннан соң нақтыланатын болады.