Жайықтан жеткен баба әні...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Асқақ та кең тынысты әнімен ұрпағының мақтанышына айналған біртуар дарын иесі Мұхит бабамыздың әнін өз кезінде Ғарекеңдер тыңдаушысына жеткізсе, үлкен ұстаздан дәріс алған шәкірттер өнер алауын келер ұрпаққа кие етіп насихаттай білді. Солардың бірі - Батыс Қазақстанның әншілік дәстүрін жалғастырушы - Жақсылық Сәрсенғалиев еді. Тірі болса, Жақсылық Сәрсенғалиев 70 жасқа толар еді.

Орал облысы Қаратөбе ауданына қарасты «Қалдығайты» аулында 1944 жылы дүниеге келген Жақсылық бала кезінен қоңыр домбыраны қолына алып әуелетіп ән салғанды ұнататын. Хас жүйрікті баптайтын бапкер болады ғой. Мектеп қабырғасында жүргенде ауыл баласын қырандай баулыған алғашқы ұстазы Кәрім Шәуәлиев еді. Ол кісі әншілігімен қоса ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленетін. Кәрім аккордеон, скрипканы шебер ойнайтын. Мектеп оқушыларынан құрылған хор үйірмесінде Жақсылық ән салатын.

«Ақыл жастан, асыл тастан» демекші, Жақсылық он жылдық мектепті бітірген соң кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, ауыл шаруашылығына атсалысты. Еңбекке араласа жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнер көрсетті.

Сол ауылдың совхоз директоры Жүсіп Мәтжанов пен драма үйірмесін басқаратын ағасы Ғафар Кереев бір күні жас жігітке ақыл қосты: «Сен болсаң басың жас, өнерлісің. Сондықтан Алматыға барып оқуға түсіп, өнеріңді шыңда! Біз «өзіміздің Жақсылық» деп мақтанатындай әнші болсаң қайтеді» деген.

Жас жігіт аз -кем ойланып қалды. Әр адамда алға қойған мақсат болады. Жақсылықтың көптен мазалап жүрген ойы да осы еді. Сөйтіп, болашақ әнші 1969 жылы Алматыдағы Республикалық эстрада- цирк студиясына оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алады. Жақсылық Сәрсенғалиев «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан ашылған өнер студиясын тамамдап, осы бірлестікте әнші болып қабылданады.

Бұрын әндерін Қазақ радиосынан ғана тыңдаған өнер шеберлері Роза Бағланова, Мағауия Хамзин және Рабиға Есімжановалармен бірге Жақсылық өнер сапарымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап өнер көрсетеді. Енді осындай сапарда үзеңгілес болған белгілі әнші Зәуреш Есбергенованың Жақсылық жайлы ойын ортаға салсақ:

Зәуреш: Жақаңмен де сапарлас болдым. Мінезі ақжарқын, қалжыңқой жігіт. Тістері ақсиған әдемі, ұзын бойлы, өнері де түріне сай болды. Әркімге өз топырағының әндері, өнері жақын болады. Елге танымал болды. Орта Азияны аралады. Түрікмен, Өзбек, Қарақалпақ жерлерін көп аралап өнер көрсетті.

Қаламқас екеуі:

- Қайда бара жатырсыңдар? - десек: - Ой, бізді сол елдер шақырып жатыр... - дейтін еді. Олар Орта Азияға аты мәшһүр болған жыршы-термешілер болатын...

Алтын: Әнші ретінде орындаушылық шеберлігін қалай бағалар едіңіз?

Зәуреш: Ұстазды қайталайтын шәкірт болады. Өнер бір-біріне ұқсамау керек. Жақаңның кереметтілігі ол төгіп айтатын. Халық сахнадан жібермей тыңдаушы еді.

Алтын: Жақаңның ұзақ сапарларда есте қалатын оқиғасы болды ма?

Зәуреш: Ол өте әдемі киініп жүретін. Гастроль болған соң жол жүресіз, бізде «Кубань» деген машинамыз бар, ол жазда ыстық та қыста суық. Соған қарамай өзіне қатты мән беріп, таза жүретін. Өте ұқыпты жан еді. Өзіне сын көзбен қарайтын. Бәрі сақадай сай, домбырасы күмбірлеп, қыран құстай қанатын қомдап сахнаға шығуға әркез дайын тұратын...

Алтын. Ендігі сөз Жақсылық Сәрсенғалиевтің өзінде. Бұл үн қазақ радиосының алтын қорынан жазылып алынды.

Жақсылық: «Шынымды айтсам, ес білгелі өнерге құштар болдым. Өнер болғанда халқымыздың ән-жыр, термелеріне. Бала кезімде радиодан естіген әндердің қай-қайсысын да құлағыма құйып алатынмын да іштей қайталап , кейбір жерін келтіре алмай шаршап барып ұйықтайтынмын. Ертесін айтайын десем, түк те жоқ, ұмытып қалам. Әлден уақытта ыңылдап отырсам, әлгі әуен қаз-қалпында келе қалатын. «Апырмай, бұл не ғажап деп өзіме-өзім таңғалатынмын. Ауылдың аты ауыл. Хош иісті даласы, жайқалған егіні мен мыңғырған егіні мен мыңғырған малы барлығының жөні бөлек. Ақжүрек адамдарын айтсаңызшы. Өнердің иесі, қайнар көзі қалың көпшілік болса, солардың ішінде ауыл адамдары десек еш қателеспейміз»...

Жақсылық Ғарекеңнің дарынды шәкірттерінің бірі . Ол термеші Қаламқас Орашеваның өнеріне тәнті болды. Қаламқастың қайратты да байсалды мінезін, ақылдылығын байқап Жақсылық бірден ұнатты, көңіл қосты. Әнші Қаламқаспен бірге Жақсылық көп жыл бойы «Қазақконцерт» бірлестігінде, кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспатар оркестрінде және Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда әншілік етті. Осындай киелі өнерді насихаттай жүріп Қаламқас екеуі шаршы топта өнер көрсетті. Сондай-ақ қос әнші Түркия, Италия, Франция, Вьетнам, Үнді жерлерінде қазақ халқының өнерін паш етті.

Қаламқас отбасында жайлы, туған-туыс, жора-жолдасқа сыйлы болатын. Өмірлік жары Жақсылықтың да бабын табатын. Сүттей ұйып отырған отбасында алтын асықтай үш қыз дүниеге келді. Әнші бола жүріп Қаламқас пен Жақсылық балаларына ерекше көңіл бөлді. Бүгінде үлкен қызы Аида журналист, Майрасы теміржол саласының маманы. Сүт кенжесі Ақмарал консерватория түлегі, дарынды күйші қыздарымыздың бірі.

Жақсылық той-думанның көркі еді. Алқалы топта ән салғанда тыңдаушысын бірден баурап алатын. Сондай сәттерде «Құдаша», «Ақ босаға» әндері той ажарын келтіретін. Жалпы әншілер қауымы жүрген жерінде сирек айтылатын әндерді, шешендік сөздерді, фольклорлық шығармаларды жинап жүреді. Кейде ән-термелерді үйреніп алып көпшілікке орындайды. Туған жердің түлегі кешегі өткен бабалар жайлы біліп, өткен өмірінен хабардар болғаны абзал. Жақсылық университеттің журналистика факультетін бітіргендіктен бе, халық композиторлары жайлы ойларын қағазға түсіріп қоятын. Енді оның Мұхит Мералыұлы жайлы ойын білсек:

«Менің ән айту ерекшелігіме бағыт сілтеп, ақыл берген Ғарекең әнші Мұхит жайлы көп әңгімелейтін. Сондай сәттің бірінде «Мұхиттың мұрасы өте бай, дұрыстап зерттеген адамға. Мұхит әндерін халыққа талмай насихаттап келе жатқан менмін. Енді, міне, жастар сендер барсыңдар.Үміттің бәрі сенде, Жақсылық», - деуші еді.

...Мен Мұхит әндерін бойыма дарытып өстім. Бертін келе Мұхит шығармашылығы жайлы көп толғанам. Мұхиттың жүрген ортасы, ән салу тәсілі, көз алдыма келеді. Мен Ғарекеңнің де Мұхит әндеріне аса қамқорлықпен қарайтынын байқадым» деп еді...

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, қазақ өнеріне айшықты із қалдырып, бабалар жаққан өнер шамшырағын келер ұрпаққа жеткізген Мұхит әндерін орындаудағы майталман шебер, термелер мен толғаулардың бағын ашқан өнер иесі Жақсылық Сәрсенғалиевтің қысқа ғұмырдағы өмір өткеліне осылайша шолу жасадық.

Биылғы жылы туғанына 70 жыл толғалы отырған Мұхит мектебінің өкілі, арқалы әнші Жақсылық Сәрсенғалиевтің қазақ өнеріне сіңірген елеулі еңбегі ел есінде. Ендігі уақытта мерейтой иесінің торқалы тойы республика, облыс көлемінде ойдағыдай аталып өтсе, әнші рухына деген құрмет болар еді. Өнерін бағалайтын елі барда әншінің шығармашылық ғұмыры ұзақ болары анық.

Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі