Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға кеше, 14 тамызда кешкі мезгілде болған.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Қызылбалық ауылында сағат 21:00 шамасында Жайық өзенінің жағасында тұрған қайықтың үстінде ойнаған бала суға құлаған. Баланың жасы – 7-де. Оны іздестіру жергілікті уақытпен сағат 22:25-те басталды», -деп хабарлады қоғаммен байланыс тобынан.
Жайық өзеніне батып кеткен баланы іздестіруге департаменттің 3 сүңгуірі мен 1 техникасы тартылды. Бала әлі табылған жоқ.
Биылғы жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарында жыл басынан бері 17 адам суға батып кетті. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 6 жасөспірім бар.
Атырау қаласында 2, Махамбет ауданында 6, Құрманғазыда – 3 Жылыойда – 2, Қызылқоғада – 2, Индер ауданында 2 адам суға батып кеткен. Су айдындарында 6 жасөспірім жантәсілім еткен.
«Биыл суға түсу маусымы басталған 1 маусымынан бері 11 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты. Департаментке қарасты жедел-құтқару жасағының құтқарушылары суға батқан 6 адамды құтқарып қалды. Оның ішінде 3 бала бар. Су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, полицейлермен, Атырау қалалық және аудандық әкімдіктердің өкілдерімен бірлесіп күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Профилактикалық іс-шараларға 273 адам мен 44 автокөлік, жүзу құралдары тартылып отыр», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұған дейін Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға кеткенін хабарлаған болатынбыз.