«Жайықжылуқуат» АҚ 1,4 млрд теңгенің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруда

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жайықжылуқуат» АҚ 1 404,9 млн. теңгеге 2016-2020 жылдарға арналған Оралдағы жылумен қамту жүйесін, жылу-қуат орталығы жабдықтарын, суалғы мен қазандықтарды қайта құру мен жаңғырту инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жайықжылуқуат» АҚ сату-өткізу бөлімінің бастығы Бекболат Қамешовтың сөзіне қарағанда, соның ішінде биылға 612,6 млн теңге қарастырылған. Мұның орындалу көрсеткіші 681,3 млн теңгені құрап, ойлағаннан асып түсті. Осының 380 млн теңгесі кәсіпорынның өз қаржысы болса, 301,3 млн теңге «Нұрлы жол» арқылы зайымдық қаржы есебінде алынды. Бұл көптен жөнделмеген жылу жүйесін ауыстыруға мүмкіндік берді. Мысалы, Темір Масин көшесі бойындағы №7 жылу магистралінің қолға алынбағанына 26 жыл болған екен. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 121,82 млн теңгеге 484 метр тұрба құбыры ауыстырылды. Сондай-ақ 4-шағынауданда №8 жылу магистралі 179,6 млн теңгеге қайтадан жөндеуден өткізілді.

Оған қоса биыл су қыздырғыштарды ауыстыру бағытында көп жұмыс атқарылды. 2003 жылдан бері кәсіпорын құбырлық су қыздырғыштарын пластиналыққа түгелдей ауыстырды. 2016 жылы аталмыш инвестициялық бағдарлама бойынша 10,2 млн теңгеге осындай 8 жаңа құрылғы сатып алынып, үйлерге қондырылды. Мұның пайдалану мерзімі 10 жыл.

 

Тағы бір атап өтетін жайт, жылу есептегіш орнатылған үйлерде тұратын тұрғындар биылғы 1 қарашадан бастап сол бойынша төлейтін болады. Бұл мақсатқа 122,2 млн теңге бөлініп, 239  жылу есептегіш сатып алынып, үйлерге орнатылды.  Күні бүгін Оралда осындай есептегіш орнатылған 671 көп қабатты үй болса, соның 556-сына кәсіпорын қаржысы жұмсалды. Алдағы жылы тағы 260 есептегіш орнату көзделуде, сонда бұл жөнінен қала түгелдей қамтылатын болады.

«Есептегіш арқылы жылуды реттей білсе, оны 40-50 пайызға дейін үнемдеуге болады. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында қайта құру мен жаңғырту жұмыстары 2017 жылы да жалғасады», деді Б.Қамешов.