Вице-министрдің сөзіне қарағанда, еліміздегі жайылымдарға қатысты бірқатар проблемалар қордаланып тұр. Атап айтқанда, елді мекендер маңындағы мал жайылымдары тозып кеткен, жайылымдарды маусымдық ауыстырулар ұмыт қалуда. Мал суаратын суаттық пункттер саны күрт азайған, әсіресе, шөл және шөлейт, далалы аймақтарда жайылымдардың өнімділігі, тозуы байқалып, жағдайлары төмендеген.
«Осыған орай, жаңа суландыру жүйелерін салу немесе қолданыстағыларды күрделі жөндеу қажеттілігі туады. Облыс әкімдіктері тарапынан жайылымдық жерлерді және суландыру жүйелерін түгендеу жүргізілуде. Әкімдіктердің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда 93,8 миллион гектар алаңда 18,3 мың суландыру жүйелері бар, олардың 10,9 мыңы немесе 60 пайызы - шахталық құдықтар, 4,8 мыңы - құбырмен тартылған құдықтар, 2,6 - мыңы ашық су көздері. Сонымен қатар осы жайылымдардағы суландыру жүйелерінің 66 пайызы қайта жаңғырту мен жөндеулерді қажет етеді. 19 пайызы қолдануға жарамсыз болса, тек 15 пайызы ғана қалыпты жұмыс істеп тұр», - дейді С.Омаров.