«Аталған заңының жобасын Парламент депутаттары әзірледі. Бұл құжат Жер және Орман кодекстеріне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді», - деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов палатаның жалпы отырысында.
Заң жобасының мақсаты - жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.
«Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді пайдаланбағаны үшін тиіс іс-шаралар күшейтіліп, халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспардың мазмұны мен мерзімдері өзгертіледі, уәкілетті органдардың құзыреттері нақтыланады, сондай-ақ шалғайдағы жайылымдарды суаруға және жайылымдарды жақсартуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау арқылы жайылым пайдаланушыларды мемлекеттік қолдау нормалары қарастырылған. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.