БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, маусымынан бұрын пісіп жетілген өнімдерде нитраттардың мөлшері жоғары болуы мүмкін. Сондықтан көкөністер мен жемістерді табиғи пісу мерзімінде тұтыну денсаулық үшін қауіпсіз болып саналады.
Оның сөзіне қарағанда, нитраттар — өсімдіктердің өсуіне қажетті азотты қосылыстар. Тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану салдарынан көкөністер мен жемістерде нитраттар көбірек жиналуы ықтимал. Ағзаға көп мөлшерде түскен жағдайда нитраттар улануға себеп болып, бас ауруы, әлсіздік, жүрек айну және басқа да жағымсыз белгілер туындатады.
— Ерте көктемде сатылатын қарбыз, қауын, қызанақ, қияр сияқты өнімдерді таңдауда сақ болған жөн. Көкөністер мен жемістерді өздерінің табиғи пісетін уақытында тұтынған дұрыс. Мысалы, қарбыз бен қауынды негізінен шілде-тамыз айларынан бастап, ал көптеген бақша өнімдерін жаздың екінші жартысы мен күз мезгілінде пайдаланған қауіпсіздеу, — дейді Г.Кереева.
Маманның айтуынша, нитраттармен уланудың алдын алу үшін өнімдерді тек ресми сауда орындарынан сатып алып, тұтынар алдында мұқият жуу қажет.
Жаз кезінде қауын-қарбыз жалға алу ақысы төленбейтін, белгіленбеген орындарда, көшеде, тіпті жол бойында сатылып жататыны жасырын емес. Сол себепті автокөліктің доңғалағынан ұшқан шаң, темір ұшқындары көкөніске қонады. Соған қарамастан, адамдар өнімді сатып алады, оны жумауы да мүмкін.
— Тұрғындар түрлі жағдайға тап болып, уланып қалған кезде кейде шағымдану керектігін де білмейді. Департаментке арыз түскен жағдайда соның бәрі мұқият тексеріледі. Ең бастысы, денсаулығын сақтау әр адамның өз қолында. Сондықтан тағам өнімдерін таңдауда мұқият болып, сапалы әрі қауіпсіз өнімдерді тұтыну маңызды, — деп қосты Г.Кереева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұнды қажетті дәрумендермен байытудың маңызы қандай екендігін жазған болатынбыз.