Жаз соңында аллергияның күшею себебі неде

АСТАНА. KAZINFORM – Жаздың соңы кей адамдар үшін түшкіру, мұрын бітелу мен көздің жасаурауы күшейетін кезең. Өйткені дәл осы уақытта кейбір арамшөптердің тозаңы ауаға тарай бастайды.

Фото: видеодан алынған скрин

Жалпы арамшөп тозаңы жаздың соңы мен күзде маусымдық аллергияны қоздыруы мүмкін екен. Бұл туралы аллерголог Әйгерім Жәкиева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

 

Аллергологтың айтуынша, тозаңдану кезеңі тамыз айында күшейеді. Бұл уақытта арамшөптер өте ұсақ тозаң бөледі. Ал тозаң бөлшектері жеңіл болғандықтан, жел арқылы бірнеше шақырымға таралады екен.

- Аллерген өсімдіктердің тозаңдану кезеңдері әртүрлі. Қазақстанда ең көп таралған аллергендердің бірі — жусан. Сонымен қатар амброзия, алабота, қурай, жолжелкен сияқты арамшөптер де аллергия қоздыруы мүмкін. Бұл өсімдіктердің тозаңы тамыз айынан бастап ауада көбейіп, қазан айына дейін сақталуы мүмкін. Ауа температурасы төмендеп, суық түсіп, қар жауған кезде тозаңдану кезеңі аяқталады, - деді Әйгерім Жәкиева.

Аллергия белгілері тұмауға ұқсас болғандықтан, оларды ажырата білу маңызды. Маман сөзінше, екі жағдайдың өзіндік белгілері бар.

- Аллергия кезінде дене қызуы көтерілмейді. Көздің қышуы, жасаурауы, мұрынның бітелуі, жиі түшкіру сияқты белгілер байқалады. Қышыну да аллергияға тән белгі. Ал тұмау кезінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауыруы сияқты белгілер жиі кездеседі. Аллергия белгілері жаңбырдан кейін немесе ауадағы тозаң мөлшері азайғанда басылуы мүмкін. Дегенмен нақты диагноз қою үшін дәрігерге қаралып, қажетті тексерулерден өту керек, - деді ол.

Аллергияның күшеюіне ауа райы да әсер етеді. Құрғақ әрі желді күндері тозаңның таралуы артып, белгілер асқынуы мүмкін.

- Мамандар тозаң деңгейін бақылап, оның жоғарылаған кезеңдерін анықтайды. Құрғақ, ыстық әрі желді ауа тозаңның ауаға көтерілуіне және алыс қашықтыққа таралуына жағдай жасайды. Сондықтан мұндай күндері аллергия белгілері күшеюі мүмкін, - деді аллерголог.

Тозаңның ауадағы мөлшері тәулік ішінде де өзгеріп отырады. Сондықтан аллергиясы бар адамдарға серуендеу уақытын дұрыс таңдаудың маңызы зор.

- Таңертең тозаң мөлшері жоғары болуы мүмкін. Әсіресе өсімдіктер гүлдейтін уақытта аллергия белгілері күшейеді. Күн көтеріліп, ауа құрғаған кезде өсімдіктер тозаң бөледі. Жел тозаңды жан-жаққа таратады. Ал кешке температура төмендеп, жел басылғанда тозаң мөлшері азаяды. Жауын-шашын да ауадағы тозаңды төмендетіп, аллергия белгілерінің уақытша басылуына ықпал етеді, - Әйгерім Жәкиева.

Аллергия маусымы кезінде дәрі-дәрмек қолдануға болады. Бірақ препаратты міндетті түрде аллерголог дәрігердің кеңесімен қабылдау қажет. Дәрінің түрін, дозасын және қабылдау ұзақтығын дәрігер анықтайды. Сондықтан өз бетінше дәрі таңдамаған дұрыс.

- Аллергияны бақылауға және оның белгілерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін емдеу әдістері бар. Соның бірі — аллерген-спецификалық иммунотерапия, яғни АСИТ. Бұл әдістің негізгі мақсаты — ағзаның нақты аллергенге сезімталдығын төмендету. Ол үшін науқаста қандай аллергенге реакция бар екені анықталады. Кейін тозаңдану кезеңінен тыс уақытта сол аллергеннің арнайы тазартылған, аз мөлшері ағзаға енгізіледі. Емдеу біртіндеп жүргізіліп, иммундық жүйенің аллергенге төзімділігін қалыптастыруға бағытталады, - деді ол.

АСИТ — аллергиялық ринитті емдеуде әлемде қолданылатын әдістердің бірі. Бірақ оны тек аллергологтың бақылауымен жүргізу қажет.

Айта кетейік, елде аллергияға қарсы инновациялық дәрі сынақтан өтіп жатыр.