Жазаны күшейту жемқорлықпен күресте көп көмектесе бермейді - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Zertteu Research Institute» Қоғамдық қорының директоры Шолпан Әйтенова қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жемқорлықтың ең жоғарғы ықтималдығы қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу саласында. Онда жоспарланған баға шынайы немесе нарықтағы бағадан 2-3 есе қымбат көрсетілуі мүмкін. Осының кеселінен тауар мен қызметтің сапалы тасымалдаушылары кейінге ысырылады. Мұның бәрі қоғам тарапынан да, БАҚ тарапынан да жіті қадағалауды қажет етеді», - дейді ол тілшілерге Астанада өтіп жатқан «Мемлекеттің ашықтығы мен есептілігі - жемқорлыққа қарсы қазіргі саясаттың негізі» атты сұхбат алаңының алдында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шараларды тілге тиек ете келе спикер жазаны қатайту парақорлықты тиюда аса көмектесе бермейтінін атап өтті.

«Себебі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың 1 тоқсанында мыңға тарта жемқорлық қылмысы жасалған. Оның үштен бірі бюджет қаражатын жымқырумен байланысты. Жемқорлыққа қарсы қатаң саясат жүргізіліп, жаза қатайып жатқанымен, қылмыстың саны да, ұрлық та азаятын емес», - дейді сарапшы.

Шолпан Әйтенованың сөзіне сенсек, мұның бәрі сайып келгенде қоғам тарапынан, БАҚ өкілдері тарапынан қоғамдық бақылауды қажет етеді.

«Бұл туралы күн сайын жазу керек. Мәселен, БАҚ «әкімдер неге қымбат көліктерді сатып алады» деп жаза бастаса, көліктерді сатып алу процесі тоқтап қалады. Міне, қоғамдық бақылаудың бір мысалы осы. Оны ары қарай дамыту керек. Біз түрмеге көптеп тыға бергенімізбен, жемқорлық одан азаймайды», - дейді ол.

Еске сала кетсек, аталмыш сұхбат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мемлектеттік қызметтерді онлайн-режімге көшірудің арқасында тұрмыстық жемқорлықтың деңгейі 3/4 мөлшерге (75 пайызға) дейін азайғанын мәлім еткен еді.



Фото: zonakz.net