Жазда балаларын қараусыз қалдырған 15 мың ата-ана жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жазда елімізде балаларын бақылаусыз қалдырған 15 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицияға 18 мың бала жеткізіліп, оның 1,5 мыңнан астамы қараусыз жүрген. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform / Сурет нейрондық желінің көмегімен жасалған

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталды.

Оның айтуынша, полиция балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне, алкоголь ішіп, темекі шегуіне жол бермеуге ерекше назар аударған.

— Тек жаз кезінде балаларын бақыламаған 15 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицияға 18 мың бала жеткізілді, оның 1,5 мыңнан астамы қараусыз жүрген. Сондай-ақ балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 240 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды, — деді Құралай Карина.

Жазғы демалыс кезінде балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздік те күшейтілді. Әр лагерьге полиция қызметкерлері бекітіліп, лагерь басшылығымен бірлесіп балаларға заң талаптары түсіндірілді.Сонымен қатар 6 мыңнан астам баланы демалыс орындарына апару және кері алып келу кезінде полицияның алып жүруі ұйымдастырылды.

Бұған дейін ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырғанын жазған едік.