Жазда қант қымбаттамайды деп үміттенемін - Алматы әкімі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бағаны тұрақтандыру бағдарламасы бойынша наурыз айында Алматыға алғашқы азық-түлік өнімдерін жеткізу басталады. Бұл туралы Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысымен кездесуге келген Наурызбай ауданы тұрғындарының бірі қымбатшылық мәселесіне тоқталды.

«Бағаның өсуі мәселесіне түсініктеме беруіңізді сұраймын. Бұл бағытта не істеледі? Бағаны тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр»,- деп сұрады тұрғын.

Ерболат Досаев Алматыда бағаны тұрақтандыру үшін 15 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.

«Баға тұрақтылығы – қала әкімдігі үшін маңызды мәселе және басты міндет. Біз өткен жылдың күзінде негізгі өнімдерге тосқауыл қою және тұрақтандыру жұмыстарын бастадық. Маусымнан тыс уақытта арнайы шарттар жасалды. Алматы бағаны тұрақтандыруға ең көп қаражат бөлді – 15 млрд теңге. Көктемде наурыз айының ортасынан бастап, алғашқы өнімдерді аламыз. Бағасы шұғыл көтерілетін позициялар бойынша бағаларды тұрақтандырамыз деп үміттенеміз», - деді ол.

Айтуынша, Алматыда монополиялық «Алтын Ордадан» басқа көтерме жеткізушілер пайда болды (бүгінде қалаға көкөністердің, жемістер мен еттің 75%-ы осы нүкте арқылы жеткізіледі). Сауда желілерінің бірі жеткізушілермен тікелей жұмыс істей бастады, соның арқасында бағалар төмендеді.

«Ақсу қант» зауытымен 2,6 млрд теңгеге шарт жасадық. Жазда қант бағасы көтерілмейді деп үміттенемін. Өзіңіз білесіз, нанның бағасы көтерілген жоқ, өйткені біз оны субсидиялаймыз, жергілікті бюджеттен қосымша ақша бөлдік. Өкінішке қарай, азық-түлік емес тауарлардың бағасы да өсіп жатыр, бұл – факт. Жалпы, геосаяси жағдайға байланысты көлік логистикасы бұзылды, бірақ бірте-бірте біздің компаниялар түрлі жолдарды іздейді, жаңа жеткізушілер пайда болды», - деп атап өтті шаһар басшысы.

Сонымен қатар, ол баға мәселесі ерекше бақылауда ұсталатынын жеткізді.

«Тікелей Наурызбай ауданына келетін болсақ, көтерме сауда деңгейі нашар дамыған, дүкендер аз, бәсекелестік жоқ. Бұл мәселемен аудан әкімдігімен де жұмыс істейміз, тұрғындарды сапалы саудамен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерді тартамыз», - деді Ерболат Досаев.