Жазда орманда сейіл құруға тыйым салына ма

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орманда сейіл құрып, табиғат аясында демалыс өткізудің шарттарын түсіндірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақстандықтарға үндеу тастаған министр биыл өрт қаупі жоғары болғандықтан, орманда сейіл құрудан шектелуді сұраған болатын. 

БАҚ өкілдері орманда табиғат аясындағы демалыс өткізуге нақты қандай шектеу қойылып отырғанын сұрады.

— Орманда мүлдем демалуға болмайды емес. Арнайы белгіленген орындар бар, сол жерлерде ғана демалу керек. Бұл мәселелерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілер бар. Мемлекеттік табиғи парктердің бәрінде аншлагтар бар. Сол жерден қай жерде демалуға болатынын, қай жерде болмайтынын білуге болады. Сондықтан орманда жаппай демалуға тыйым салып жатқан жоқпыз. Бәрі қолданыстағы заңнама аясында болу керек, — деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ, ол «Семей орманы» резерватының өрт шарпыған ағашын сатудан қанша табыс түскенін айтты.