Жазда өртеніп, тұрғындар терезеден секірген алматылық «Ақкент» кешені жөнделді

Биыл тамызда отқа оранған «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі 96 пәтер өрттен кейін қалпына келді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Алматы әкімдігі

Баспалдақ алаңдары, дәліздер жөнделді, пәтерлер әрленіп, электр монтаждау және кабель ауыстырылды, алты пәтердің екі қабатты терезелері ауыстырылды, сексен пәтердің кіреберіс есігі жөнделген. 

Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ғимараттың эвакуациялық жолдары тексерілді.

Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков өрттен зардап шеккен тұрғындардың жөндеуден кейінгі үйін көзімен көрді.

Ермек Нұрбосынов қызыл жалын кезінде бәрі сынғанын айтып, үйді қалпына келтіргені үшін әкімдікке алғысын білдіреді.

Фото: Алматы әкімдігі

«Күні-түні бел жазбай еңбек етіп, қысқа мерзімде жұмысшылар бәрін қалпына келтірді. Бізге қол ұшын созып, көмектескеніне өте ризамыз», — деді ол.

Бәтима Көжекбаева әкімдіктің жөндеуге көмектескенін және тұрғындарды назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.

«Отқа оранған пәтерді жөндеуден кейін үйімізге қайта оралдық. Жөндеу жұмыстары жақсы жасалған, үйіміз жылы, таза. Көп рахмет. Бізге бірнеше рет келіп, қал-жағдайымызды біліп тұрды», — деді ол.

Фото: Алматы әкімдігі

Тұрғын үйлерді қалпына келтіруге және уақытша қоныстануға әкімдік 168 млн теңгеден астам қаражат бөлді.

Оның 100 млн теңгесі жөндеуге жұмсалса, тағы 300 млн теңгені құрылыс салушы компания бөлген.

Еске салсақ, 1 тамызда Алматыдағы «Ақкент» шағынауданында 16 қабатты үйден өрт шығып, 49 адам зардап шекті, бір әйел алған жарақатынан қайтыс болды.