Жазда ішек инфекциялары аурулары жиілейді — дәрігер кеңесі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жаз-күз мезгілінде лас қолдың ауруына жататын ішек инфекцияларымен сырқаттану деңгейі айтарлықтай артады. Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөлім меңгерушісі Елена Коптяева ауру жайында және оның алдын алу жолы туралы айтып берді.

Фото: Pexels

Инфекционист дәрігердің айтуынша, ішек инфекцияларына дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі, А және Б паратифі, тырысқақ, гастроэнтерит, тағамдық токсикоинфекциялар, вирусты А гепатиті, сондай-ақ вирустық ішек инфекциялары — аденовирус, ротавирус, норовирус, астровирус және т. б. жатады.

— Жазда адамдар көп уақытын табиғат аясында өткізеді, саяжайға барады, өзен-көлге барып шомылады. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидектерді көп тұтынып, тез бұзылатын тағамдарды көшеден сатып алуы мүмкін. Жалпы, жедел ішек инфекцияларының қоздырғыштары түрлі тұрмыстық заттардың бетінде болып, ойыншықтар, тамақ арқылы берілуі мүмкін, — дейді Елена Коптяева.

Ішек инфекциясын жұқтырған кезде әдетте адамда әлсіздік, селқостық, тәбеттің төмендеуі, іш өту, құсу, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі және қалтырау секілді белгілер пайда болады. Вирустық ішек инфекцияларында ішек қана емес, жоғарғы тыныс жолдары да зақымданады. Мысалы, ротавирустық инфекция кезінде таңдай, бадамша бездері мен тілшік қабынады, ал аденовирустық инфекцияда трахеобронхит дамуы мүмкін.

— Бұл аурулардың барлығына ортақ қасиет — қоздырғыштардың адам ағзасына ауыз арқылы енуі. Негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Ішек инфекцияларының қоздырғыштары сыртқы ортада өте төзімді келеді. Олар өзінің ауру тудыратын қасиетін бірнеше күннен бірнеше аптаға, тіпті айларға дейін сақтай алады. Әсіресе патогенді ішек таяқшасы, іш сүзегі, вирусты гепатит және басқа вирустар аса төзімді болады, — дейді маман.

Инфекцияның таралуына шыбын-тарақандар сияқты жәндіктер де себеп болуы мүмкін. Тағам өнімдерінде ішек инфекцияларының қоздырғыштары сақталып қана қоймай, белсенді түрде көбейеді. Бұл кезде тағамның сыртқы түрі мен дәмі өзгермеуі мүмкін. Алайда жоғары температурада қайнатқан кезде қоздырғыштар жойылады.

— Ішек инфекциясының негізгі көзі — науқас адам немесе бактерия тасымалдаушысы. Айналадағылар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті. Ішек инфекцияларын балалар жиі жұқтырады. Қоғамдық және жеке гигиена талаптары сақталмаған жағдайда ішек инфекциялары өте жұқпалы болып, айналадағы адамдар арасында тез таралып, жаппай сырқаттануға әкелуі мүмкін, — дейді Елена Коптяева.

Дәрігердің айтуынша, термиялық өңдеусіз, салқын күйінде тұтынылатын тағамдар ерекше қауіп төндіреді. Себебі мұндай тағамдарда микробтар жақсы сақталады. Олардың қатарында крем қосылған кондитерлік өнімдер, салаттар, сүт, сары май бар.

— Ашық су айдындарының суын ішуге, ыдыс-аяқ, қол, көкөніс пен жемісті жууға пайдалану қауіпті. Ашық су көздерінде шомылу кезінде де инфекцияны жұқтыру қаупі бар. Құдық суы дұрыс пайдаланылмаса немесе санитариялық талаптарға сай салынбаса, ол да инфекция көзіне айналуы мүмкін. Су арқылы тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, сальмонеллез, вирусты А гепатит сияқты аурулар таралады, — дейді Елена Коптяева.

Маман ішек инфекцияларының алдын алу үшін қарапайым гигиена ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары:

— Тамақ дайындау, ас ішу алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап мұқият жуу;
— Қайнатылған, бөтелкедегі немесе арнайы сүзгіден өткен суды пайдалану;
— Көкөністер мен жемістерді, оның ішінде цитрус пен бананды таза сумен жуып, қайнаған сумен шаю;
— Сүтті міндетті түрде қайнатып ішу, шикі сүттен дайындалған сүзбені тек термиялық өңдеуден кейін пайдалану;
— Тағам өнімдерін таза, жабық ыдыста сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
— Үйді таза ұстау, жиі желдету және күнделікті жуу;
— Жаз мезгілінде тек арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылу;
— Вокзалдарда, әуежайларда және демалыс орындарында бөтелкедегі немесе газдалған су ішкенде бір реттік стақандарды пайдалану.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда 140-тан астам адам жіті ішек жұқпаларымен ауырғанын жазған едік.