Жазда тамақты 12 сағаттан артық сақтамаған дұрыс — дәрігер

Фото: Шарипа Әлиеваның жеке мұрағатынан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жаз — жедел ішек инфекциясы өршитін мезгіл. Себебі неде, одан қалай сақтануға болады? Бұл туралы Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиевадан сұрап білдік.

Маман күн ыстықта тамақ тез бұзылатындықтан, адамдардың улануы да тез екенін ескертті.

— Тамақтың бұзылған-бұзылмағанын ең бірінші кезекте иісі арқылы байқауға болады. Бірақ жаздыгүні дайын тамақты 12 сағаттан артық сақтамаған дұрыс, оның өзінде тоңазытқышта сақтаған абзал. Күн ыстықта үй жағдайында ас әзірлегенде түрлі тұздықтарды аз пайдалануға кеңес беремін. Өйткені тұздық қосылған тағамдар тез бұзылады және ол адам денсаулығына өте қауіпті, — деді Шарипа Әлиева.

Осы күні көше бойында не көп, фаст-фуд дүңгіршегі көп. Дәрігер жылдам дайындалатын тағамды тұтынуды қыс, жаз демей, барлық уақытта шектеген дұрыс деп есептейді.

— Оның құрамында адам ағзасына зиянды түрлі трансмай болады. Соның әсерінен ас қорыту жүйесінде ауырлық пайда болып, артық салмақтың жиналуына әкеп соғады. Арзанқол кафелерге барған да дұрыс емес, бағасына сай арзан азық-түліктен жасалған астан улану қаупі өте жоғары, — деді ол.

Дәрігер ⁠қауын-қарбыз жеуге әлі ерте деп отыр. Оны тек жаздың соңғы айларынан бастап тұтынуға кеңес берді.

— Себебі табиғи өнім осы уақытта толық піседі. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған жемістер химиялық жолмен піскен болуы мүмкін. Ал одан улану қаупі өте жоғары. Кез келген жеміс-жидекті жақсылап жуып тұтыну керек, — деді дәрігер.

⁠Жедел ішек ауруына көбіне балалар шалдығады. Өйткені олар қарапайым гигиеналық шараларды сақтай бермейді. 

— Бала ұдайы ата-ананың бақылауында болуы керек. Үлкендер балалардың тамағын әзірлеуде сақ болып, тек жаңадан әзірленген асты ұсынуы тиіс. Балада тамақтан улану белгілері байқалған бойда дәрігерге жүгінген абзал, — деді Шарипа Әлиева.

Біз бұған дейін Қызылорда облысында жыл басынан бері жедел ішек инфекциясын жұқтырудың 342 жағдайы тіркелгенін жаздық. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 жағдайға төмен.