Жаздан бері мәселе көтерілген қоқыс алаңы қашан жойылады

Осы жазда Жаңа Адамдар Jetisu тұрғын үй кешенінің алдындағы заңсыз қоқыс алаңдарында «TRASH FASHION DAY» сән көрсетілімін өткізді. Белсенділер мен дизайнерлер Астана шетіне заңсыз әкелінетін және тасталынатын қоқыстан тігілген киімдерді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Kazinform

Экологиялық акция қалдықтардың жиналуы мен ластану мәселесін көтерді. Артынша қала билігі мен Есіл ауданы әкімдігінен реакция да болды. Акцияға жауап ретінде әкімдік Жаңа адамдарға полигонды жоюға уәде берген.

«Қала билігінің берген уәдесі жасалған жұмыс көлемінен мүлдем өзгеше. Шенеуліктер бізді де, елорда тұрғындарын да алдауға тырысатын секілді. Ал тазалаудың өзі тек қағаз жүзінде атқарылғандай», - делінген хабарламада.

 

Сән көрсетілімінен кейінгі күні аумақты тазарту жұмыстары басталды. Алайда үш айдан астам уақыттан кейін полигон әлі де орнында тұр және қоршаған ортаға да, қала тұрғындарының денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Жұмыстар тек шектеулі аумақта, дәл сән көрсетілімі өткен жерде жүргізілді. Бірақ бұл жердің айналасында қоқыс одан да көбейіп жатыр. 

«Шенеуліктер өз міндеттемелерін орындап, қаламыздың халқы мен экологиясына қамқорлық жасау үшін тағы қанша шағым мен жария акциялар қажет? Біз қайтадан әкімдікке және қала билігіне хабарласып, заңсыз қоқыс үйіндісін алып тастауды талап ететін боламыз. Сіз халық үшін жұмыс істейсіз. Олардың мәселелерін шешетін уақыт келді!» - деді Жаңа Адамдар белсендісі Бауыржан Аманов.