Жазғы Азиада-2026: Спортшылар круиз лайнерінде тұратын болды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — «Біртұтас Азияны елестет!» Бұл 2026 жылы Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтетін жазғы Азиада ұраны. Осымен үшінші рет Азия ойындарын өткізгелі отырған Күншығыс елі үнемшілдік пен жаңа технологияларға басымдық беріп отыр.

Дәлірек айтқанда ойындар үшін жаңа нысандар салынбайды, тіпті спортшылар дәстүрлі қалашықта емес, круиз лайнерінде уақытша тұрады. Бүгін спорттық шара ұйымдастырушылары баспасөз мәслихатын өткізіп, маңызды мәліметтер мен дайындық туралы ақпарат ұсынды.

Қажетсіз ғимараттар қалмауы керек

Кезекті XX жазғы Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек — 4 қазан күндері Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Ал су және ат спорты жарыстары Токиода Олимпиада үшін салынған ғимараттарда өтеді. Бұл жолы дәстүрлі Спортшылар қалашығы болмайды. Оның орнына спортшылар Киндзё айлағындағы круиз лайнерінде тұрады. Бұдан бөлек, Нагоя портындағы теңіз контейнерлерінен жасалған уақытша модульдік үйлер және Аичи префектурасы мен көршілес қалалардағы қонақүйлер қарастырылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Аичи префектурасында Тойота компаниясының бас кеңсесі орналасқан. Сондықтан еліміздің ірі технологиялық компаниялары ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, Жапонияның таң қаларлық, озық технологияларын әлемге танытуға дайындалып жатыр. Жаңа ғимарат салу жоспарымызда жоқ, себебі бұл ойындар экономикалық жағынан тиімді болуы қажет, спорттық шарадан кейін қолданылмай қалатын қажетсіз ғимараттар болмауы керек. Бұл Жапонияның ғана емес, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азия Олимпиада кеңесінің талабы. Сондықтан шығындарды барынша оңтайландыру бойынша есеп жүргізілді. Бірақ бұл үнемдеу спортшыларға кері әсерін тигізбейді, бәрі стандартқа сай жүргізіліп жатыр, — деді Аичи-Нагоя 2026 ұйымдастыру комитетінің Бас директор міндетін атқарушы Ясухиро Накамори Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Бастапқыда уақытша конструкциялар орнату немесе спортшыларды әртүрлі қонақ үйге орналастыру жөнінде жоспарлар мен есептеулер болған. Алайда ұзақ талқылаудан кейін Азия Олимпиада кеңесімен бірге спортшыларды 4 мың адам сыятын круиз лайнеріне орналастыру туралы шешім қабылданған.

— Тағы қосымша 2 мың адам қонақ үйлерге орналастырылады. Сондай-ақ бұл жерде көлік пен логистика мәселесін де ескеру қажет. Кей спорт түрлері зал мен инфрақұрылымға тікелей байланысты болғандықтан, спортшылар сол нысандарға жақын қонақ үйлерге жіберіледі. Ал спортшылардың негізгі бөлігі лайнерде тұрады, — деп толықтырды Ясухиро Накамори.

Спорттан бөлек, Жапония өзінің бай тарихы мен мәдениетін танытуға, префектурадағы 400-500 жылдық тарихы бар орындар мен ұлттық асханасын көрсетуге баса мән беріп отыр.

Бұл ретте Жапония жазғы Азия ойындарын үшінші рет өткізгелі отыр. Бұған дейін Жапониядағы Азия ойындары 1958 жылы (Токио) және 1994 жылы (Хиросима) өткен.

Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде сарапқа салынады: оның 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, ал 39-ы аралас санаттарда. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері енген.

Қазақстан қай спорт түрлерінен жүлдеге үмітті

Азиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасы 500-ден астам спортшымен 30-ға жуық спорт түрінен бақ сынайды деген болжам бар. Жуырда еліміздің Туризм және спорт министрлігі мен Олимпиада комитеті өкілдерінен құралған делегация Азия ойындарына дайындық семинарына қатысу үшін Жапонияға аттанады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің айтуынша, бұл сайыстарда Қазақстан құрамасы бокс, күрес, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу және жебеден ату спорт түрлеріне зор үміт артпақ.

— Біз жалпы массаға емес, жүлдеге үміткер спортшыларға басымдық беріп отырмыз. Дайындық ғылыми негізде жүргізіліп жатыр, яғни халықаралық деңгейдегі мамандардың қатысуымен перформанс-хаб ашылды, — деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта шамамен 30 қазақстандық спортшы Жапонияға баратын құраманың сапына енуге үміткер.

Сондай-ақ Қазақстан күрес, ММА және киберспорт сияқты олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша да мықты спортшыларын ұсына алады. Спорт басшылары 2026 жылғы Азия ойындарындағы нәтижелер алдыңғы көрсеткіштерден асып түсетініне сенім білдірді.

— 2028 жылы Олимпиада бағдарламасына жаңа спорт түрі — сквош енгізіледі. Қазақстанда да сквош федерациясы құрылды, жаттықтырушылар жұмыс істеп, спортшылар дайындалып жатыр. Бұл спорт түрінде де ұлттық құрама өзін көрсете алады деп үміттенеміз, — деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек.

Жалпы Қазақстан жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Соңғы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 11-орын алып, 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медаль жеңіп алған еді.

Қазақстанда Азиада өткізу үшін не істеу керек

Баспасөз мәслихатында тілшілер елімізде 2011 жылы қысқы Азия ойындары сәтті өткенін, содан бері елімізде жазғы, қысқы ойындар ұйымдастырылмағанын айтып, келесі Азия ойындары қашан өтуі мүмкін екенін сұрады.

Өз кезегінде Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) бас директорының орынбасары Винод Тивари бәрі Қазақстан үкіметі мен халқының шешіміне байланысты екенін айтты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Біз Қазақстанның түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған бай инфрақұрылымы бар екенін білеміз. Алайда, бұл Үкіметтің және ел халқының шешіміне байланысты. Сондықтан, егер Қазақстан дайын болса, біз бұл мәселені белгіленген рәсімдер аясында қарастыруға дайынбыз, — деді Винод Тивари.

Қазақстан ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек бұл сұрақ еліміздің басшылығы мен Спорт министрлігіне де қатысты екенін атап өтті және 2029 жылы Сауд Арабиясы қысқы ойындарды өткізе алмауы мүмкін екенін жеткізді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Біздің еліміздің қысқы Азия ойындарын өткізуге зор әлеуеті бар, себебі 2011 жылы біз мұндай ойындарды сәтті өткізгенбіз. Өздеріңізге белгілі, 2029 жылы қысқы Азия ойындары Сауд Арабиясында өткізілуі жоспарланған. Бірақ қазіргі уақытта Сауд Арабиясында бірқатар қиындық туындап, бұл ойындардың өткізілуі жалпы алғанда күмән тудырып тұр. Сол себепті бұл мәселе ашық, бұл ретте спорт министрлігімен бірлесіп жан-жақты жұмыс жүргізу қажет, — деді Нұрлан Нөгербек.

Ал Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин алдағы жылдары елімізде 20-дан астам халықаралық іс-шара өткізу жоспарланғанын атап өтті.

 

— Биыл жыл соңына дейін 7 ірі халықаралық іс-шара өтеді. 2027-2028 жылдары үстел теннисі, ауыр атлетика, таэквондо және басқа да спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттары жоспарланып отыр. Осы жарыстар арқылы біз халықаралық деңгейдегі тәжірибені арттырамыз деп ойлаймын. Осы аралықта елімізде инфрақұрылым да дамиды, бұл болашақта ауқымды кешенді жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді, — деді Руслан Есеналин.

Айта кетейік, 2-3 қыркүйек күндері Астанада Азия Олимпиадалық Кеңесінің (АОК) VI Құрлықтық спортшылар форумы өтіп жатыр. Бұл форум — құрлық спортшылары бас қосып, пікір алмасып, спортты дамыту, олимпиадалық құндылықтарды нығайту және атлеттердің мүдделерін қорғау мәселелерін талқылайтын маңызды шара.