Шара әсерлі көрсетілімнен басталып, кейін Жапонияның мемлекеттік гимі жанды дауыста орындалып, мемлекет туы көтерілді.
Ары қарай шараны спортшылар шеруі жалғастырды. Қазақстан құрамасының көк байрағын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова ұстап шықты.
Айта кетейік, салтанатты ашылу шарасы 30 мың көрерменге арналған Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтіп жатыр.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, ашылу салтанаты бағдарламасы ықшамдылыққа бағытталған: эмоционалды әсерге баса назар аудару мақсатында қойылымдар, реквизиттер мен сахналық құрылымдар мейлінше қарапайым әрі жинақы етіп жасалуда. Спортшылар шеруіне кең орын бөлініп, назардың әртүрлі елдер мен аймақтардан келген қатысушыларға аударылуы қамтамасыз етіледі.
Түптеп келгенде, төмен көміртекті тұрақтылық қағидаттарын паш ете отырып, салтанатты шараның әрбір бөлшегінде үнемшілдік пен қоршаған ортаға деген жауапкершілік көрініс табады.
Еске салайық, ХX жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, ойындардың ұраны — Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»).
Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 558 спортшы бақ сынайды.