Жазғы Азия ойындарында қазақстандық паделшілер бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда 19 қыркүйек — 4 қазан аралығында өтетін ХХ Азия ойындарында қазақстандық паделшілер өнер көрсетеді.

Фото: Қазақстан падел федерациясы

Қазақстан ұлттық падел федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, алдағы ойындардың қазақстандық падел үшін маңызы ерекше. Өйткені биыл осы спорт түрі жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген болатын. 
Қазақстан намысын Жапонияда төрт жұп (екі ерлер, екі әйелдер) қорғайды.

Қазақстан ұлттық падел федерациясының президенті Арслан Әбілғазиннің айтуынша, Азия ойындарына қатысу — тарихи оқиға және үлкен жауапкершілік.

— Қазақстан Азияның ірі спорт аренасында паделден өзін көрсетуге мүмкіндік алды. Біз паделді дамытуды белсенді қолдағаны үшін Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық олимпиада комитетіне ризамыз. Қазіргі басты міндетіміз — Азия ойындарына сапалы дайындалып, лайықты өнер көрсету үшін спортшыларға барлық қажетті жағдайларды жасау, — деді А.Әбілғазин.

Паделден Қазақстан ұлттық құрамасының ХХ жазғы Азия ойындарына дайындығы бекітілген жоспарға сәйкес өтіп жатыр. Дайындық аясында спортшылар халықаралық жарыстарда бақ сынап, испаниялық бапкердің басшылығымен оқу-жаттығу жиындарына қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас паделшілердің халықаралық турнирде топ жарғанын жазған едік.