Жазғы демалыс: 11 республикалық театр оқушыларға 45-тен астам қойылым ұсынбақ
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Үкімет отырысында республикалық статусы бар мәдени ошақтар жазғы демалыс кезінде оқушыларға не ұсына алатынын мәлім етті.
- Жазда еліміздің барлық мектеп оқушыларына музейлер мен театрларға, өзге де мәдени мекемелерге тегін кіруге мүмкіндік жасалып отыр. Төрт бірдей республикалық музей: Астанадағы Ұлттық музей, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі мен Мәдениеттерді жақындастыру орталығы жаз бойы 150-ге жуық танымдық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында жазғы лагерьлер, көрмелер, шеберлік сабақтары, тақырыптық квестер мен оқу семинарлары бар, - деді.
Айтуынша, 11 республикалық театр жазда балаларға арналған 45-тен астам қойылым ұсынбақ.
- Театр маусымы шілде айына дейін жалғасып, 2 мыңнан астам баланы қамту көзделген. Министрлікке қарасты 3 республикалық кітапханада да жазғы мезгілде 2 мыңнан астам адамды қамтитын 30-ға жуық іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, әдеби кездесулер, кітап көрмелері, шеберлік сабақтары мен оқу курстары ұйымдастырылады, - деді Қанат Ысқақов.
Бұған дейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған республикалық штаб құрылғанын жазған едік.