Алакөлде көлік жолдары жаңартылып, қосымша теміржол және әуе рейстері ашылды. Жағалау бойына 100 қоқыс контейнері, 40 киім ауыстыру кабинасы, жаңа құтқару мұнаралары мен биодәретханалар орнатылып, пирс жабдықталды. Сондай-ақ жаңа құтқару станциясы пайдалануға берілді.
Абай облысы жағалауында құтқару станциясы, медициналық пункттер және қауіпсіздікті қамтамасыз ету кешені жұмыс істейді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 175 қоқыс контейнері, 75 киім ауыстыру орны, 35 душ кабинасы, 223 бейнебақылау камерасы, санитариялық тораптар және құтқару инфрақұрылымы қарастырылған.
Балқашта әуежай жаңғыртылып, субсидияланатын әуе рейстері ашылды. Коммуналдық жағажайлар абаттандырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал Бурабайда жаңа құтқару станциялары салынып, қосымша қоқыс жәшіктері, контейнерлер мен санитариялық тораптар орнатылып жатыр.
-Алайда ең заманауи инфрақұрылымның өзі табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті алмастыра алмайды. Демалыс орындарының тазалығы ең алдымен әрбір келушінің мәдениеті мен табиғатқа деген жанашырлығына байланысты. Қоқысты арнайы контейнерлерге тастап, тазалықты сақтаңыз! Осындай қарапайым қағидаларды ұстану арқылы көлдерімізді, тауларымызды және ұлттық парктерімізді келешек ұрпақ пен миллиондаған турист үшін таза әрі көркем күйінде сақтай аламыз,-делінген хабарламада.
Осыған дейін туризм саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылғаны туралы жаздық.