«Балаларды, ең алдымен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды жазғы демалыспен қамту керек. Демалыс кезеңінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорт объектілеріне тегін баруын қамтамасыз ету қажет», - деді О. Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, Премьер-Министр ауыл балаларының бос уақытына ерекше назар аудару керегін айтуда. Олар үшін спорт алаңдарын, дамыту орталықтарын жабдықтап, бос уақыттағы, мәдени іс-шараларды және басқа да шараларды ұйымдастыру керек.
«Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат құжаттары жоқ жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмыс істеуіне жол бермеуге тиіс. Балаларды тамақтандырудың сапасын үнемі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда ұстау қажет», - деді ол.
Ал Оқу-ағарту министрлігі Туризм министрлігімен бірге әр облыстан келетін балалардың еліміздің танымал туристік аймақтарына, тарихи-мәдени мұра объектілеріне баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестіруі қажет.
Бұған дейін Премьер-Министр балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды сынға алған еді.
Сондай-ақ, балаларды лагерлермен, үйірмелермен, секциялармен, сауықтырумен қамту бойынша бірыңғай электрондық платформа қажет екені айтылды.