Жазғы каникулда балаларға арналған қандай спорттық іс-шаралар өтеді

Фото: Фото: Наталья Зинченко

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жазда ел аумағында балалар спортын ілгерілету мақсатында бірқатар ауқымды іс-шара өткізіледі. Толығырақ Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді.

- Жұмыстың келесі бағыты балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған Президент тесттері, «KAPSHAGAI KIDS TROPHY» республикалық футбол турнирі өтеді. Сондай-ақ ауыл мектептері арасында «Ауыл спорты» кешенді жарыстары, ауыл балалары арасында футболдан «Halyk OPEN CUP» республикалық турнирі өтеді. Балалардың бос уақыты мен спорттық дайындығы үшін «Қолжетімді спорт» және «Аула Фит» жобалары табысты іске асырылып жатыр. Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Оған 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер тегін қатысады. Бұл бағдарлама жазғы демалыс кезінде жүзеге асырылады, - деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ барлық өңірде балаларды қорғау күніне (1 маусым) және спорт күніне (18 тамыз) арналған халық арасында спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шаралары өтеді.

- Сонымен қатар жыл сайын жалпы білім беретін мектептер арасында 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп спорт лигасы өткізіледі. Бүгінде елімізде жыл бойы 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 406 мыңнан астам бала айналысады. Сондай-ақ жалпы саны 6,5 мыңнан астам баланы қамтитын олимпиадалық резервтегі 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бар. Аталған мекемелердің тәрбиеленушілері үшін жазғы уақытта спорттық және спорттық-сауықтыру лагерлері ұйымдастырылады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша назар аударылады. Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттағы талантын дамытуға әрі ынтасын арттыруға арналған іс-шаралар өтеді, - дейді ол.

Оның айтуынша, осы жазда ерекше балаларға арналған спорттың 7 түрі бойынша «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының өңірлік іріктеу жарыстары жалғасады.

- Одан бөлек ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас үміт» республикалық турнирі, жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты, 2012-2013 жылы туған балалар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының біріншілігі, жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты жоспарланған. Іс-шараларды өткізу кезінде барлық мүдделі тараппен бірлесіп қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданады. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы аясында жергілікті атқарушы органдармен «Балаларды автокөлікпен тасымалдау қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында кеңес өткізілді. Спорт федерациялары мен өңірлік басқарма мәдениет және спорт саласындағы ұйымдардың балаларды қауіпсіз тасымалдауы бойынша суреттерден тұратын әдістемелік ұсынымдар жолдады, - деп толықтырды Е.Еркінбаев.

Айта кетейік, енді балаларды спорт жарыстарына полицияның сүйемелдеуінсіз жіберуге тыйым салынады.