Жазғы маусымда туристік аймақтарға жету жеңілдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі жазғы демалыс маусымы қарсаңында еліміздің негізгі туристік бағыттарының көліктік қолжетімділігі туралы ақпарат жариялады.

Фото: Көлік министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, туристік аймақтарға апаратын автомобиль жолдарын жақсарту, жол бойындағы сервисті дамыту және азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Бурабай курорттық аймағына кіру Щучинск қаласы арқылы өтетін «Астана – Петропавл» автомобиль жолы арқылы жүзеге асады. Бұл бағыт демалыс орнына жетудің негізгі әрі қолайлы жолы саналады.

Зерендіге келушілер «Көкшетау – Атбасар» және «Щучинск – Зеренді» автомобиль жолдарын пайдалана алады. Соңғы бағыт Ақмола облысындағы екі ірі курорттық аумақ – Бурабай мен Зерендіні өзара байланыстырады.

– Жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде танымал демалыс аймақтарына баратын негізгі маршруттар нормативтік жағдайға келтіріліп, автокөлік ағынына дайын. Сонымен қатар туристерге шипажайларға ыңғайлы әрі түсінікті жол нұсқаулығы қамтамасыз етілген, – делінген министрлік хабарламасында.

Қарқаралы курорттық аймағына республикалық маңызы бар «Қарағанды – Қарқаралы» автомобиль жолы арқылы жетуге болады. Былтыр жөндеуден өткен жол бүгінде қауіпсіз әрі жайлы қозғалысқа мүмкіндік беріп отыр.

Баянауыл шипажайы республикалық маңызы бар «Қалқаман – Баянауыл – Ботақара» автомобиль жолының бойында орналасқан.

Балқаш көліне автокөлікпен екі бағыт арқылы жетуге болады. Негізгі бағыт – «Қарағанды – Алматы» автожолы. Одан әрі Балқаш қаласынан Бұрылбайтал ауылына дейінгі батыс жағалау жолы арқылы қатынауға мүмкіндік бар.

Алакөлге баратын туристер үшін де екі негізгі бағыт қарастырылған. Көлдің солтүстік жағалауына «Талдықорған – Өскемен» жолынан «Таскескен – Бақты» және «Мақаншы – Қабанбай» бағыттары арқылы жетуге болады. Ал оңтүстік жағалауына «Үшарал – Достық» автомобиль жолы апарады.

Айта кетейік, бұған дейін Көлсай мен Қайыңдыға апаратын жол қашан жөнделіп бітетіні хабарланды.