Жазғы маусымда туристік бағыттағы Тальго пойыздарына 20% жеңілдік беріледі

АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы жылдың 25-30 маусым аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматы – Достық бағыты бойынша қатынайтын №207/208 және №211/212 Тальго пойыздарының «Турист» санатындағы вагондарына жол жүру билеттерін 20% жеңілдікпен ұсынады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: ҚТЖ

— Жеңілдік төменгі және жоғарғы орындардың барлығына қолданылады. Аталған бағыт Жетісу өңірінің көрікті аймақтары арқылы өтеді және жаз мезгілінде Алакөл жағалауына демалуға баратын жолаушылар арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі, — делінген хабарламада.

Жеңілдікпен билеттерді bilet.railways.kz ресми сайты арқылы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан, сондай-ақ, мобильді билет сату сервистері арқылы алуға болады.

Қосымша ақпаратты жолаушылар 1433 тегін байланыс нөмірі арқылы ала алады.

Айта кетейік, жазда Алакөлге қатынайтын қосымша пойыздар саны артады.