АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Жазғы универсиаданың үшінші жарыс күні аяқталды. Медальдар кестесінде Қазақстан 10-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір ел құрамасы еншісінде 11 медаль бар. Оның бірі – алтын, бесеуі – күміс, бесеуі – қола.
Медальдар кестесінде қазақстандық спортшылар 14-орыннан 10-орынға көтерілді. Көш басында 28 (17-6-5) медальмен Қытай келеді. Одан кейінгі орындардағы Оңтүстік Кореяның – 28 (13-10-5) Жапонияның 25 (11-7-7) медалі бар.
Жазғы универсиаданың үшінші жарыс күні, 31 шілдеде Қазақстан 6 медаль алды.
Атап айтқанда, таеквондошы Рита Бакишева (48 келі) дүниежүзілік доданың жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал Диана Тұрсынбек (садақ ату) екінші орыннан көрінді.
Көркем гимнастикадан Елжан Таниева екі күміс (доп пен лентамен өнер көрсету), бір қола (құрсаумен сайыс) алды.
Ел құрамасынан винтовкамен 10 метр қашықтықта оқ ату сайысында Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев және Никита Шахторин қола жүлде иеленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.