Жазғы Универсиада: Қазірге дейін қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Чэнду қаласында өтетін Дүниежүзілік Универсиада ойындары бүгін жалауын көтереді. Дүбірлі дода 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Еліміздің атынан аталған жарыста 11 спорт түрінен 93 спортшы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл айтулы аламанға қазақстандық споршылар 15-мәрте қатысып отыр. 1993 жылдан бері олар барлығы 113 медаль еншілеп үлгерді

Фото: 2021chengdu.com

Бұған дейін қазақстандық спортшылар жазғы Универсиадада қалай ойын көрсетті? Олардың жетістіктеріне тағы бір мәрте көз жүгіртіп көрелік.

Буффало-1993

Қазақстан студенттер құрамасы алғаш рет АҚШ-тың Буффало қаласында 1993 жылдың 8-18 шілде аралығында өткен универсиадада бақ сынады. Оған 118 елден 3582 спортшы бейсбол, волейбол, спорттық гимнастика, баскетбол, академиялық есу, семсерлесу, судағы спорт түрлері (жүзу, судағы поло, суға секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетикадан жүлделерді сарапқа салды.

Универсиадада жеңіл атлетикадан үш қарғып секіру жарысында қазақстандық студент О.Сакиркин «күміс» медальға ие болды.

Фукуока-1995

XVIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада Жапонияның Фукуока қаласында 1995 жылдың 23 тамызы мен 3 қыркүйегі аралығында өткізілді.

Онда дүниежүзінің 162 елінен келген 3949 спортшы бейсбол, волейбол, гимнастика (спорттық және көркем), дзюдо, баскетбол, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, судағы поло, суға секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетикадан сайысқа түсті.

Бұл жолы жеңіл атлетикадан С. Залевская (биіктікке секіру) және И.Выгузова (10 метрлік мұнара) «күміс» жүлдеге қол созды.

Ал 1997, 1999 жылдарда қазақстандық спортшылар универсиадада жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ.

Бейжің-2001

XXI Дүниежүзілік жазғы Универсиада Қытай астанасы Бейжің қаласында 2001 жылдың 22 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында жалауын желбіретті.

Дүбірлі додада 169 елдің атынан бақ сынаған 3949 спортшы волейбол, гимнастика (спорттық және көркем), дзюдо, баскетбол, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, судағы поло, суға секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисінен жүлделерді сарапқа салды.

Жарыс барысында еліміздің атынан жеңіл атлетикадан Г. Черновол (100 және 200 м), Е. Мелешенко (кедергілермен 400 м) екінші орыннан көрінді.

Тэгу-2003

XXII Дүниежүзілік жазғы Универсиада Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында 2003 жылдың 21-31 тамызы аралығында өткізілді. Жарысқа қатысушылар садақ ату, волейбол, гимнастика (спорт және көркем), дзюдо, баскетбол, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, суға секіру), таеквондо, теннис, футбол, жеңіл атлетикадан бақ сынады. Оған 174 елден 4 442 спортшы келді.

Қазақстан құрамасы 18-ші орынға көтеріліп, 2 алтын және 4 күміс медальді жеңіп алды.

Ел құрамасынан Е. Ерімбетов гимнастикадан екі мәрте чемпион атанды. Ол гимнастика, көпсайыста «күміс» жүлдегер болды. Сондай-ақ, С.Горбачев (гимнастика, еркін жаттығулар), Э.Аиса (таэквондо), Д.Рыпаков (жеңіл атлетика) екінші орынға жайғасты.

Измир-2005

XXIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада Түркияның Измир қаласында 2005 жылғы 11 тамыздан 21 тамыз аралығында болды. Жарысқа қатысушылар садақ ату, волейбол, гимнастика (спорт және көркем), баскетбол, жүзу, таеквондо, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, суға секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетика, күрестен сайысқа түсті.

Онда 133 елден келген спортшылар жүлделерді сарапқа салды. Қазақстандық спортшылар бір алтын, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.

Грек-рим күресінен М.Әсембеков жеңіс тұғырына көтерілсе, В. Поляков (жүзу 200 м), Е. Ерімбетов (гимнастика, брусья) «күміс» медальге қол жеткізді.

Ал қола жүлдегерлер қатарынла Е. Ерімбетов (гимнастика), А.Сватковский (еркін күрес), А.Жүрімбаев (грек-рим күресі), Е.Қоныратов (грек-рим күресі), Т.Росланова (жеңіл атлетика 400 м) А. Юсупова (көркем гимнастика, доппен жаттығу) бар.

Бангкок-2007

XXIV Дүниежүзілік жазғы Универсиада Таиланд астанасы Бангкок қаласында 2007 жылғы 8 тамыз-18 тамыз аралығында өткізілді. Универсиадаға қатысушылар бадминтон, оқ ату, волейбол, гимнастика (спорт және көркем), гольф, дзюдо, баскетбол, софтбол, таеквондо, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, биіктіктен секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисінен сынға түсті.

Әлемнің әр қиырынан 6093 спортшы келді. Еліміздің атынан 115 спортшы жеңіл атлетика, жүзу, су полосы, баскетбол, семсерлесу, футбол, гимнастика, дзюдо, теннис, оқ ату және таэквондо бойынша ойын көрсетті. Олар 5 алтын, 4 күміс және 5 қола медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 11-ші орын алды.

Фото: peoples.ru

Ел құрамасынан О.Рыпакова (жеңіл атлетикадан үш қарғып ұзындыққа секіру), О. Терешкова (жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгіру), Т. Азарова (жеңіл атлетикадан 400 метрлік тосқауыл арқылы жүгіру), М.Аитова (жеңіл атлетикадан биіктікке секіру), Ю. Юрков (оқ ату, МВ-6) чемпиондық атаққа ие болды.

Ал Ю.Юрков (оқ ату, командалық жаттығу МВ-6), Е.Жакияров (оқ ату, жаттығу МВ-6), А.Клименов (оқ атудан командалық жаттығу МВ-6), В.Исаченко (оқ атудан командалық жаттығу) «күміске» қол созса, В. Поляков (200 метрлік брасс арқылы жүзу), Л.Нуркина (таеквондо), Д Грызозов (семсерлесу, қылыш), Е.Юсупов (дзюдо), Ә. Юсупова (ритмдік гимнастикадан ұршықпен жаттығу) үздік үштікті түйіндеді.

Белград-2009

XXV Дүниежүзілік жазғы Универсиада Сербия астанасы Белград қаласында 2009 жылғы 1-12 шілде аралығында өтті. Жарысқа 5566 спортшы қатысты.

Дүбірлі додада спортшылар садақ ату, волейбол, гимнастика (спорт және көркем), дзюдо, баскетбол, академиялық есу, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, биіктіктен секіру), теннис, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисінен бақ сынады.

Медальдар кестесінде Қазақстан жалпыкомандалық есепте 32-орын алды. Ел құрамасынан Г. Айтмұхамбетова (таеквондо) чемпион атанса, Е. Евсеева (жеңіл атлетика, жоғары секіру), Б. Туребеков (дзюдо) «күміс» жүлдегер болды. Ал Ә. Юсупова (көркем гимнастика, шеңбермен жаттығу, көпсайыс), Г. Исанова (дзюдо), ерлер құрамасы (дзюдо, командалық турнир) «қола» алды.

Шэньчжэнь-2011

XXVI Дүниежүзілік жазғы Универсиада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 2011 жылдың 12-23 шілде аралығында жалауын желбіретті.

Сайысқа қатысушылар бадминтон, садақ ату, оқ ату, волейбол, гимнастика (спорт және көркем, спорттық аэробика), гольф, велоспорт, дзюдо, баскетбол, желкенді спорт, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, биіктктен секіру), таэквондо, теннис, футбол, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, шахмат, үстел теннисі, жағажай волейболынан бақ сынады.

Жарысқа жер-жаһанның 151 елінен келген 7155 спортшы қатысты. Жазғы Универсиадада қазақстандық студенттер құрамасы 3 күміс және 3 қола медальді жеңіп, алды. Нәтижесінде медальдар кестесінде 15-ші командалық орынды иеленді.

Фото: russian.china.org.cn

Жазғы Универсиадада Александра Аборнева (ауыр атлетика), Наталья Ивонинская (жеңіл атлетика), Мария Дмитриенко (стендтік ату) «күміс» медаль алса, Ольга Терешкова (жеңіл атлетика), Евгений Ектов (жеңіл атлетика), Александр Ермаков (оқ ату) «қолаға» қол созды.

Қазан- 2013

Ресейдің Қазан қаласында 2013 жылғы 6-17 шілде аралығында өткізілген XXVII Дүниежүзілік жазғы Универсиадада бадминтон, садақ ату, бокс, күрес, оқ ату, белбеу күресі, волейбол, гимнастика (спорт және өнер), көгалдағы хоккей, дзюдо, жүгіру, каноэ (спринт), регби-7, теннис, футбол, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, шахмат, үстел теннисі, жағажай волейболы, баскетбол, самбо, семсерлесу, су спорт түрлері (жүзу, су полосы, суда жүзу, синхронды жүзу) жүлделер сарапқа салынды.

Оған қатысушылар саны 7991 спортшыны құрады. Универсиадада қазақстандықтар 3 алтын, 11 күміс және 16 қола медальді жеңіп алды. Ел құрамасынан Атқыштар командасы (О.Снегиревич, А. Малиновская және Ю.Морозова), М. Мұқашев (жеңіл атлетика), Ф. Харкей (ауыр атлетика) жеңіс тұғырына көтерілді.

Фото: wikipedia.org

Сондай-ақ, «күміс» жүлдеге Б.Қанжанов, Б.Жарылғасов (самбо), С.Емельянов-2 (каноэде және қайықпен есу), А.Жұмаев (күрес), Р.Рустамов, Ж.Кособуцкий (бокс), А.Зайчиков, К.Горичева (ауыр атлетика), Д. Молдашев, Е.Осканов (белбеу күресі), Р. Құрбанов (семсерлесу) қол созса, А.Жанбиров, Н.Тыналиев, А.Кебіспаев (грек-рим күресі), А.Кенбел, Д.Құрышбаева (самбо), Б. Примбаев (күрес), Е. Жомарт, Н. Жарманов (бокс), Н. Филиппов, Е.Ектов (жеңіл атлетика), А.Ермекбаев, Г.Ерболова (белбеу күресі), ҚР ату және семсерлесу командасы үздік үштікті түйіндеді.

Кванджу-2015

XXVIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында 2015 жылдың 4-14 шілде аралығында өткізілді. Әлемнің 150 елінен келген 13 мың спортшы бадминтон, баскетбол, судағы поло, волейбол, гандбол, гольф, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, биіктіктен секіру, гимнастика, садақ ату, оқ ату, стендтік ату, таэквондо, теннис, футбол, семсерлесу, көркем гимнастикадан жарыс жолына шықты.

Фото: rus.azattyq.org

Универсиадада қазақстандықтар 6 алтын және 4 қола медальді жеңіп, 11-ші орынды иеленді. Ел құрамасынан В.Зябкина (жеңіл атлетика, 100, 200 м және эстафета 4х100 м), Н.Мамаев (таеквондо), Д. Баландин (жүзу, 100 м), Н.Филиппов (жеңіл атлетика, биіктікке секіру) «алтын» алды. Ал Д. Баландин (жүзу, 50 м.), А. Орынбай, А. Мищук и Ж. Айдарханова, А. Фролов, В. Почивалов, А. Ещенко (бәрі – стендтік ату), А. Қашқын (дзюдо) үздік үштікке табан тіреді.

Тайпей-2017

XXIX Дүниежүзілік жазғы Универсиада Қытайдың Тайпей қаласында 2017 жылдың 19-30 тамызы аралығында болды. Әлемнің 142 елінен келген 7639 спортшы бильярд, бадминтон, баскетбол, бейсбол, су добы, волейбол, гольф, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, секіру, ролик спорты, гимнастика, садақ ату, теннис, таеквондо, ауыр атлетика, у-шу , семсерлеу, футбол, көркем гимнастикадан сынға түсті.

Универсиадада Қазақстан құрамасы 21-ші орынды иеленді. Ел құрамасы еншісінде 16 медаль бар (3 алтын, 6 күміс, 7 қола). Жарыс барысында ауыр атлетикадан Альберт Линдер (салмағы 69 кг), Айдар Казов (77 кг) және Денис Уланов (85 кг) чемпиондық тұғырға көтерілді.

Фото: kaznu.kz

Ал суға жүзуші Дмитрий Баландин (200 метрге брасс әдісімен), Жансель Дениз (таэквондо, 73 кг), ауыр атлеттер Рустем Сыбай (94 кг) мен Карина Горичева (69 кг), жеңіл атлет Сергей Григорьев (сырықпен секіру) және Руслан Либиров (у-шу, 70 кг) екінші орынға жайғасса, дзюдошылар Рустам Ибраев (60 кг), Бекәділ Шаймерденов (73 кг) және Отгонцецэг Галбадрах (48 кг), суға жүзуші Дмитрий Баландин (100 метрге брасс әдісімен), ҚР таэквондодан ерлер командасы, ауыр атлет Арли Чонтей (56 кг) және Багдат Кенжетаев (у-шу, 80 кг) үздік үштікке ілікті.

Неаполь-2019

XXX Дүниежүзілік жазғы Универсиада Италияның Неаполь қаласында 2019 жылдың 3 шілде мен 14 шілде аралығында өткізілді. 112 елден 5971 спортшы баскетбол, ватерпол, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, спорттық гимнастика, суға секіру, парус спорты, садақ ату, регби-7, теннис, таеквандо, семсерлесу, футбол, оқ ату, көркем гимнастикадан жүлделерді сарапқа салды.

Фото: Пресс-служба Национального Олимпийского комитета

Универсиадада Қазақстан құрамасы 25-ші орынды иеленді. Қазақстан 7 медаль жеңіп алды (1 алтын, 5 күміс, 1 қола). Олардың қатарында дзюдошы Ғалымжан Қырықбай (90 кг жоғары) чемпион атанса, Михаил Литвин (жеңіл атлет, 400 метр), Зоя Кравченко (стенд ату, скит), Смайыл Дүйсебай (таеквондо, 87 кг.), Нариман Курбанов (гимнастика) және Милад Карими (гимнастика) «күміс», стенд атудан Сәрсенкүл Рысбекова «қола» алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан спортшыларының Универсиададағы жарыс кестесі жарияланды.