Жазушы Бердібек Соқпақбаевқа арналған әдеби кеш өтті

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кеңес заманында үкіметке, бастықтарға жағынған адамдар көп жағдайда дәреже, биік мансапқа еркін көтерілетін. Оларды қолдан жасап, нашар шығармаларының өзін дәріптеп, мақтап, жұрттың пікірін қолдан жасайтұғын. Ал енді көптеген талантты жазушылар сол кезде тасада қалып жүрді.

Сондай талант иесінің  бірі  - Бердібек Соқпақбаев. Бұл пікірді бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кеште қаламгер Әкім Тарази білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ол кісінің шығармаларына қаншама қысым көрсетілгенімен, кітаптары әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылып, миллиондаған тиражбен жарық көрді. Бұған ешкім тосқауыл қоя алмады. Қаламгер кітаптары соншалықты көп тараса да, өмірде көп қыспақ көрді. Оның басты себебі - тоталитарлық жүйе кезінде көбінесе жұртқа «қараны - ақ, ақты  - қара» деп айтуға үйретуінде еді», дейді жазушы.

Ә.Тарази ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан бұл кеш жазушыға деген ұрпақтың жаңа көзқарасын, жаңа өмірбаянын білдіретіндігін атап өтті.  Қаламгерге көрсетіліп отырған құрмет дербес, өз алдына ел болған Қазақстанның жаңа саясатының бір үлкен белгісі деп санайтынын жеткізді.