Жазушы Дүкенбай Досжан елордалық студенттермен жүздесті

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астанада көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан Тұран университетінің студенттерімен жүздесті. Аталмыш кездесуде Д. Досжанның «Оқырманы қисапсыз жазушы» сериясымен шыққан «Терезенің жарығы» атты қазақша және орысша шыққан әңгіме жинақтарының тұсаукесері өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Фолиант» баспасы қолға алып отырған аталмыш серия алғаш рет Дүкенбай Досжанның шығармаларымен ашылды. "Бұл серияның ерекшелігі ? қазіргі қаржы дағдарысы кезінде студенттерге, жолаушыларға, елден келген немесе елге бара жатқан адамдарға арзан бағамен ? небары 250 теңгеден осындай көп данамен басылған кітапты ұсыну. Бұл серия негізінен теміржол, әуежай сияқты көпшілік орындарда, сондай-ақ ұшақтардың салонында сатылады. Аталмыш кітаптың орысшасы көрнекті жазушы Анатолий Кимнің аудармасымен жарық көріп отыр», деді Д.Досжан. Д. Досжан өзінің шығармашылық жолына егжей-тегжейлі тоқталып өтіп, жастарға біраз ақыл-кеңес берді. «Мен кітапты жастайымнан сүйіп оқыдым. Оның маған үлкен пайдасы тиді. Сендерге айтарым, көркем әдебиетті көптеп оқыңдар, ол ой-өрістеріңді кеңейтеді. Осы мақсатпен мен бүгін өзімнің «Абайдың рухы» атты кітабымды осы қара шаңырақтың кітапханасына сыйлап отырмын», - деді жазушы.Айта кететін жайт, кітаптың осындай тұсаукесері , сондай-ақ мамыр айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, одан кейін мамырдың ортасында ҚазМУ-де өтуі жоспарланып отыр.