Жазушы мұраты - елге қызмет

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының ХІV құрылтайы болып өтті. Қазақ елінің кешегісі мен бүгінін қамтитын тарихи сәттерді көркем тілмен көпшілік назарына ұсынатын ақын-жазушы қауым бұл жиынға еліміздің барлық облыстарынан арнайы келіп қатысты.

Елдің еңсесін түзеп, ұлтты ұлы істерге ұйытуға үлес қосатын Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ даласы­ның шартарабынан жиналған жазушы қауымға оқып беріп, қалам ұстаған қауымның ел іргесін бекемдеу және әр алуан ұлттан құралған бұқара қауымды бауырластыру жолындағы еңбектеріне Елбасы атынан алғыс сезімін білдірді. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы таяу уақытта мемлекеттік тапсырыспен жазылатын туындыларға және жазушы­лар­ға бөлінетін қаламақының ең тө­менгі сомасы бекітілетіндігін, барлық туындылардың Қазақстан Жазушылар одағының қабырғасында талқылаудан өткеннен кейін ғана баспаларға жол тар­татындығын және басқа да одақ тө­ңі­регінде қордаланып жатқан мәселе­лер бойынша жақын күндерде жазу­шы­лармен арнайы кеңес өткізетіндігін жеткізді.
Қазақстан жазушыларының құрыл­тай­ын салтанатты түрде ашқан Жа­зу­шы­лар одағының хатшысы Нұрлан Оразалин бауырлас Түркия, Ресей, Әзер­байжан, Беларусь, Қырғызстан жа­зу­шылар одақтары атынан құттықтау хаттары келіп түскенін мәлімдеді.

Құрылтайдың салтанатты ашылу рәсімінен кейін сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Серік Қирабаев әдебиетіміздің ақсақалы ретінде қоғамдағы жазушының рөлі, жаңа заманның жасампаз кейіпкерін қалып­тас­тыру, жазушылардың жеке шебер­ха­насы мен жан дүниесі хақында, жалпы шығармашылық еңбектің ыстық-суығы туралы кең мағлұматты қамтитын келелі ойын көркем түйіндеді.

Қазақстан Жазушылар одағының осы құрылтайға дейінгі атқарған ең­бе­гін саралайтын Бақылау-тексеру комис­сия­сының есебін белгілі ақын Аян Нысаналин жасады. Сондай-ақ, қазақ поэзиясының бүгінгі аяқ алысы жайлы ақын Исраил Сапарбайдың, проза сек­торы бойынша атқарылған шаруалар жөнінде Тұрысбек Сәукетаевтың және Қазақстандағы орыс әдебиеті туралы аталмыш секцияның жетекшісі Любовь Шашкованың қосымша баяндамалары тыңдалды.

Екі құрылтай арасында Қазақстан Жа­зушылар одағының атқарған іс-ша­ра­лары туралы Қабдеш Жұмаділов, Мұх­тар Шаханов, Ақұштап Бақты­гере­ева, Иран-Ғайып, Тұрсынбек Кәкішев, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұрже­ке, Қоғабай Сәрсекеев секілді еліміздің белгілі ақын-жазушылары өз пікірлерін күллі жазушылар алдында көппен бөлісті.

Осы жиында Қазақстан жазу­шы­ларының ХІV құрылтайына қатысушы­лар­дың үндеуі қабылданып, ұлт әде­биетінің, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің қалыптасуына толайым үлес қосқан С.Қирабаев, Ә.Нұрпейі­сов, Ш.Мұртаза секілді алдыңғы лек жа­зушыларынан құралған Ағалар алқа­сының құрамы да бекітілді.
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі мәсе­ле­сі мен келешек бағдарын сарапқа салған құрылтайда Қазақстан Жазушы­лар одағы Басқармасы мен Бақылау-тек­серу комиссиясының құрамы сай­ланып, барша жазушылар бірауыздан құрылтай қаулысын қабылдады. Жиын соңында Басқарманың алғашқы плену­мы өткізіліп, оны белгілі ақын Қалихан Ысқақ жүргізіп отырды. Пленумда Қа­зақстан Жазушылар одағының хатшы­сы қызметін одан әрі атқара беретін болып ақын Нұрлан Оразалин сайланса, оның бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай және орынбасарлары болып Маралтай Райымбекұлы мен Жанарбек Әшімжан сайланды.

Қазақ елінің жазушылары бас қос­қан келелі жиынға Мәдениет және ақ­парат вице-министрі Арман Қырықбаев қатысып отырды.

«Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жылғы 25 қыркүйек.