Жазушы Жәди Шәкенұлының екі кітабының тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» кітабының түрік тіліндегі нұсқасы мен «Жүрек неге жылайды» атты прозалық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жазушы биыл 50 деген мерейлі жасқа келіп отыр. Жәди Шәкенұлы мамыр айының бесінде дүниеге келген. Қаламгер бүгін кітапханада зиялы қауым өкілдерімен бірге «Тамшыдай еңбегім Тәуелсіздік үшін...» атты шығармашылық кешін өткізді.

 

Елу деген ердің жасы демекші, ғасырдың жартысына жеткен жазушының шығармашылық кешіне бірқатар зиялы қауым өкілдері келген екен. Көш бұйдасын Қазақстанға бұрғалы Жәди Шәкенұлы қолынан қаламын тастаған емес. Көзіқарақты оқырман Жәди Шәкеннің публицистикалық жазбаларын, ел мұраты турасындағы толғауларынан хабардар. Сонымен бірге, қаламгер кейін кезде кенжелеп қалған балалар әдебиетінің де дамуына өз үлесін қосып келеді. Проза жанрында қалам тербеп, Қытай еліндегі қазақтардың өмірі мен шежіресі, олардың арасынан шыққан тұлғалары жайлы еңбектерді зерттеп, зерделеп, қалың оқырманға ұсынып жүр.

Жиында бірінші болып сөз сөйлеген ақын Баянғали Әлімжан Жәди Шәкенұлының еңбегінің ерекшелігіне тоқталып, туындыларының ішіндегі «Қаралы көш» романын айрықша атап өтті.

 

«Жәди Шәкеннің есімін 2000-шы жылдардың басында ести бастадым. Жазғанының салмағы сезіліп тұратын. Қабырғалы, қайраткер азаматтардың бірі. «Қаралы көші» шыққан кезде қанша дүние орнына келгендей көрінді. «Қаралы көшті» жазғанға дейін де Жәди мықты қаламгер болатын. Бірақ, «Қаралы көштің» орыны бөлек. Бұл бір кесек дүние. Қаламгер тұтас Қазақстанға беймәлім тарихты біздің көзімізге тірілтіп әкелді. Мен Жәдидің бұл романын оқығаннан кейін «айналайын, сен қазақ әдебиетінің үлкен арнасына қосылған екенсің» деп тілегімді білдірдім. Өйткені, Жәди халықтың үлкен қасіретін оқырмандарына сездіре білді», - дейді ақын.

Баянғали Әлімжан өз сөзінде өмірде болған «Қаралы көш» романының басты кейіпкері Елісханның бар-жоғы 35-ақ жас жасап, халқы үшін қан құсып өткенін тілге тиек етті. Ақынның айтуынша, жазушы Елісханның өмірімен Алтайдың арғы бетіндегі тұтас халықтың тағдырын көрсете білген.

 

Бұдан кейін «Қаралы көш» кітабының түрік тіліндегі нұсқасы мен «Жүрек неге жылайды» атты прозалық шығармалар жинағының тұсаукесері болып өтті. «Өмірде уақыт деген сыншы барын ескерсек, туынды әлі де ұрпақтың бағасын алар» дейді кешті жүргізуші Елдос Тоқтарбай. Кітапты Түркияның президенті Ердоғанның ұстап тұрған суретінің бір кезде әлеуметтік желіні аралап кеткенін әдебиетсүйер қауымның есінде.

Қос туындының тұсауын кесу құрметі түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожа мен Үзбен Құрбанбайұлына, Жоламан Тұрсынбайға берілді.

 

«Біз не көрмедік? Бірақ, біздің ұрпағымыз қайта өсіп, жетіліп, пісіп келе жатыр. Қазақ әдебиетінің әлемінде Абай атамыз, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, соңынан Мұхтар Мағауин мен Қабдеш Жұмаділов ағаларымыз, енді міне Жәди Шәкенұлы келе жатыр. Қабдеш «Соңғы көшті» жазса, Жәди қазаққа «Қаралы көштің» тағдырын көрсетті. Біздің халқымыздың тағдыры ауыр тағдыр. Шет елдегі қазақтың тағдыры одан да ауыр. Кезінде шекарамызда Ресей мен Қытай екеуі қазақтың пікірін алмастан, жерін екіге бөліп тастады. Шығыс Түркістандағы, Моңғолиядағы қазақтар шетелдік қазақ болып қалды. Бірақ, біз бір ғана халықпыз. Арманымыз да, ойлаған ойымыз да, дәстүр-салтымыз да біреу. Біз қазақ деген ұлттың аруақты атын, құдіретін алып жүруіміз керек. Бір ұлт болып топтасуымыз керек. Қаламгерге тілерім - қаламың ұштала берсін», - деп батасын берді Қаржаубай Сартқожа.

Кеш барысында әнші Құрманбек Әлімғазы «Қарағым-ай» әнін орындады. Еркін форматтағы жиында жазушыға сұрақтар қойылып, кешке келген жас буын өкілдері рухани әңгімелерге сусындап қайтты.