Жазушылар одағында ұлт спортын дамытқандар ұлықталды

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы игі шара өткізді. «Тау көтерген толағайлар» атты, еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күніне орайластырылған бұл басқосудың мәні де, сәні де бөлек болды.

Белгілі ақын-жазушылар, өнер адамдары мен ұлтымыздың абыройын асқақтатқан даңқты спортшыларымызды бір шаңырақ астына жинаған мерекелік кеш көптің көңілінен шықты, деп хабарлайды «Аламан» спорт агенттігі.

Күні кеше аяқталған Лондон Олим­пиа­дасында еліміздің спорт­шылары толағай табысқа қол жеткізіп, қазақтың әнұранын жеті рет шырқатып, Көк Туы­мызды 13 мәрте желбіретті. Мұндай айту­лы жеңіске біздің өрендеріміз бұған дейін бірде-бір рет қол жеткізіп көрген емес. Сөз жоқ, Лондон төріндегі табы­сы­­мыз спорт саласында тер төккен аға буын өкіл­дерінің де еңбегінің жемісі деуге бо­лады. Өйткені Әбілсейіт Ай­ха­нов, Се­рік Қонақбаев, Айсара Керім­бе­ко­ва, Жақсылық Үшкемпіров, Әмин Тұя­қов, т.б. қазақ спортының ардагерлері өс­келең ұр­паққа үлгі-өнеге көрсетті. Жел­кілдеп өс­кен жас өрен осы аға-апай­ларына қа­рап бой түзеді, бойларына қай­рат жинап, ұлттық рухтың асқақ­тығын сезінді.
Қазақстан Жазушылар одағының Әде­биетшілер үйінде өткен кештің мақ­саты да осы ұрпақтар арасындағы жал­ғас­тықты сақтай отырып, спортшылар мен өнер адамдары арасында үзіліп бара жат­қан байланысты орнықтыру еді. Есімдері елге танылған арқалы ақындар сахнаға шығып, қазақы рухты асқақтатар арынды жырларын оқып, қазақы үнді әншілер жиналған жұртқа әндерін тарту етті. Кеш­ке еліміздің намысын абы­рой­мен қорғап жүрген спортшылармен қа­тар, осы са­ла­ның ардагерлері құрметті қо­нақ ретінде ша­қырылды. Атап айтсақ, әй­гілі түйе балуан Әбілсейіт Айханов, сам­бошы Ай­сара Керімбекова, талай жа­рыста олжа сал­ған желаяқ ағамыз Әмин Тұяқов, кик­бокс өнерін жетік мең­геріп, қазақтың ер­жүрек ұлы атанған Ел­мұрат Қайып­жа­нов, ережесіз жекпе-жек­тің тарланбозы Ар­дақ Назаров, бокс ше­бері Қанат Си­қым­баев және басқа да спорт­шыларымыз осы кешке арнайы ша­қыртылды.