АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Висбаден (Германия) ITF W100 турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық теннисші латвиялық Дарья Семенистаямен бірге финалда жарыстың 3-ракеткалары, чехиялықтар Джесика Малечкова - Мириам Скочпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда чехиялықтар 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Қазақстандық латвиялық жұп есе қайырды - 6:3. Супер тай-брейкте Жібек пен Дарья жеңісті жұлып алды - 11:9. Финалдық матч 1 сағат 37 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жібек Құламбаеваның Германиядағы жарыста камбэкпен финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Аружан Сағындықованың Шымкенттегі турнирде топ жарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).