Жібек Құламбаева Германиядағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Весбаден (Германия) ITF W100 турнирінде екі кездесуін сәтті өткізді.
Ж.Құламбаева латвиялық Дарья Семенистаямен бірге алдымен ұлыбританиялықтар Джоди Беррейдж – Эден Силваны жолдан тайдырды – 7:6 (7:3), 6:7 (1:7), 10:8.
Тартысты өткен матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Қазақстандық-латвиялық жұп ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, норвегиялық Ульрикке Эйкери – жапониялық Эри Ходзумидің мысын басты – 6:3, 1:6, 10:7. Бұл бәсеке 1 сағат 24 минутта бітті.
Жібек Құламбаева – Дарья Семенистаяның жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге Вик (Испания) челленджер турнирінің ширек финалында жапониялық Сюко Аояма – америкалық Сабрина Сантамарияны 6:3, 6:4 есебімен ұтты.
Алайда қазақстандық-ресейлік дуэт жартылай финалда канадалық Бьянка Андрееску – индонезиялық Алдила Сутджиадиге есе жіберді – 6:7 (4:7), 6:4, 5:10.
Тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингіде 258-орындағы Денис Евсеев Эшторил (Португалия) челленджер додасының екінші айналымында әлемнің 47-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичтен жеңіліп қалды – 1:6, 6:3, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Португалиядағы жарыстың екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.