АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Брешия (Италия) ITF W75 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге үш кездесуін сәтті өткізді.
Соның ішінде қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалда италиялық Николь Фосса – үндістандық Васенти Шиндені 6:2, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Жібек Құламбаева – Екатерина Рейнгольд финалда испаниялық Ивон Реймерс – италиялық Аврора Зантедешимен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Франция чемпионатында сербиялық жұпты ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).