Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Франциядағы Шербур ITF турнирінің финалында ойнайды, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген Ж.Құламбаева мен Польша өкілі Мартына Кубка бүгін соңғы бәсекеде франциялық Ясмин Мансури - бельгиялық Лора Солденмен бас жүлдені сарапқа салады.
Қазақ-поляк жұбы дода барысында алдымен тартысты матчта франциялық Диана Мартынов - ұлыбританиялық Матильда Мутавджичті жолдан тайдырды - 6:7 (6:8), 6:1, 10:5.
Жартылай финалда бельгиялық Мари Тифани - франциялық Бенуа Леметрмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Мартына мен Жібек 6:2 есебімен басым түсті.
Екінші сетте есеп 4:2 болған мезетте қарсыластары ойынды жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Швециядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).