Жібек Құламбаева Қытайдағы жарыста чемпиондық атақ үшін таласады

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің финалына өтті. 

Жарыстың 2-ракеткалары Ж.Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец жартылай финалда франциялық Эстелль Кашино — қытайлық Шо Фэнмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда тай-брейкте Жібек пен Вероника табандылық танытты — 7:6 (7:3).
Екінші сетте қазақстандық-словениялық жұп айқын басымдылық көрсетті — 6:1.

Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева — Эрьявец 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Кашино — Фэн 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.

Жібек Құламбаева — Вероника Эрьявец финалда турнирдің 4-ракеткалары, жапониялықтар Момоко Кобори — Аяно Шимицумен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Қытайдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік