АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 427-ракеткасы Жібек Құламбаева Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жібек ширек финалда әлемнің 249-інші, жарыстың 2-ракеткасы, хорватиялық Тена Лукасты жолдан тайдырды.
Матчты Лукас қарқынды бастады – 6:1. Бірақ бұдан кейін Құламбаева азулы қарсыласына тісін батырып, камбэк жасай білді – 7:5, 6:4.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 35 минутқа созылды.
Осылайша, сенсация жасаған Жібек Құламбаева финалға шығу үшін әлемнің 350-ракеткасы, сербиялық Лола Радивоевичпен таласады.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде бірден 371-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде сенсация жасап, Путинцеваның әлемнің 2-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).