Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Курсумлийска Баня (Сербия) ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 695-орында тұрған ресейлік Милана Жабраиловамен шеберлік байқасты.
Бірінші партия аса тартысты өтіп, тай-брейкте Жібек таразы басын аудара білді - 7:6 (7:3).
Екінші сетте Құламбаева 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді - 6:1.
Матч екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Жібек Құламбаева финалда чилилік Антония Вергара Ривера немесе сербиялық Драганья Вуковичтің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.