«Жібек жолы» турнирі: Қазақстан әйелдер құрамасынан екі боксшы чемпион атанды

Фото: Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан «Жібек жолы» халықаралық турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы қанша медаль алғаны белгілі болды.

Ел құрамасы аталған турнирде 2 алтын, 1 күміс, 6 қола медаль алды.

Қазақстандық боксшылар арасынан Элина Базарова (54 келі) әзербайжандық Дарья Пантелеева, Виктория Байдукова (57 келі) ресейлік Дария Абрамованы тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ал Анжа Сәдуақасова (52 келі) әзербайжандық Зейнаб Рахимоваға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Сондай-ақ ел құрамасынан Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Элянур Турганова (50 келі), Томирис Мырзақұл (52 келі), Сымбат Әлиасқар (54 келі), Азиза Исина (70 келі) және Дина Исламбекова (81 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.

Еске салсақ, қазақстандық алты боксшы финалға шықты.