АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан «Жібек жолы» халықаралық турнирінде алғашқы ойын күнінің нәтижесі белгілі болды.
11 сәуірде ел құрамасынан алты боксшы шаршы алаңға шықты. Олардың арасынан екеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, қалғаны қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Бұл күні 75 келіде Санжарәлі Бегалиев әзербайжандық Фархад Шейдаевті 5:0, Мақсат Өтегенов сол елдің тағы бір өкілі Расим Чобанлиді 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Ал Жансері Көшербаев (60 келі), Шыңғыс Мусинов (60 келі), Бекзат Мағжан (63,5 келі), Елнұр Сүйінбай (71 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Сондай-ақ ел құрамасы сапында Дулат Бекбауов (67 келі), Өнер Сейілхан (75 келі) сияқты танымал боксшылар бар. Оламен бірге жас боксшылар да сынға түседі.
Дүбірлі додаға қатысатын былғары қолғап шеберлері 11 салмақта сынға түседі.
Аталған турнир 16 сәуір күні мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.