Жедел ішек инфекциясын жұқтырған қызылордалықтардың 84% – балалар

Фото: Pixabay.com

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жыл басынан бері жедел ішек инфекциясын жұқтырудың 342 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 жағдайға төмен.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ауруға шалдыққандардың басым бөлігі облыс орталығының үлесінде — 96,4%. Жас шамасына қарай жіктесек, 84%  — 14 жасқа толмаған балалар. 

Күн жылынған бойда қауіп еселенеді. Мамандар сырқат негізінен үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тағамды тұтыну, қайнамаған су ішу, бала күтімі барысында жеке бас гигиенасын сақтамаудан пайда болатынын айтып отыр. Ал көктем және жаз мезгілінде ерте піскен жеміс-жидекті мөлшерден тыс пайдалану жағдайды тіпті күрделендіреді. Көктем басталғалы жедел ішек инфекциясының клиникалық белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен 7 науқас жеміс-жидек, бақша өнімін тұтынғаннан кейін өзін жайсыз сезінгенін айтқан. 

Фото: Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

— Жеделдетілген режимде өсірілген бақша өнімінің құрамында пестицид, нитрат көп кездеседі, ал ол ағзаны улауы мүмкін. Кейбір бау-бақша өсірушілер тыңайтқыштың дозасын рұқсат етілген көлемнен әдейі асырады. Нәтижесінде өнім тәбетті ашатындай тартымды көрінеді. Бірақ әрқашан дәмді әрі пайдалы бола бермейді. Нитрат, азот қышқылының тұзы адам ағзасында, кейде тоңазытқыштың ішінде нитрит пен азот қышқылының тұзына айналады. Бұл өз кезегінде денсаулыққа айтарлықтай зиян. Мәселе нитраттың болуында емес, оның мөлшері мен концентрациясында. Аз мөлшердегі нитрат пен нитритті ағза азғантай уақытта өзі шығара алады. Бірақ шамадан тыс болып, ағза оған қанығатын болса, бұл уланудың ауыр түріне әкеп соғады, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова. 

Бақша өнім ең тез дегеннің өзінде шілде айының соңына қарай пісе бастайды. Сондықтан мамандар қауын-қарбыз, жеміс-жидек, көкөністі одан ерте жемеуге кеңес береді. 

— Онда да тек рұқсат етілген сауда орындарынан алған жөн. Сатып алмас бұрын өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжатты талап етіңіз. Нитрат дозасын азайту үшін көкөніс пен жемісті қабығынан, тамырынан, сабағынан тазартыныз. Ал тұтынар алдында аз мөлшердегі суда ұстаған жөн, бұл оның құрамындағы зиянды заттар көлемін азайтуға мүмкіндік береді, — деді Гүлмира Сыздықова. 

Бұған дейін біз Ақмоладағы спорт мектебінде 18 балада ішек инфекциясы анықталғанын жазғанбыз.