Жедел жәрдем қауіпсіздігі: бригадаларға жабдықтар сатып алынады

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде санитариялық автокөлікті GPS навигациясымен жабдықтау 100 пайызға жеткенін мәлім етті.

- Жедел медициналық жәрдем қызметі (ЖМЖ) 20 дербес станциядан, 95 қалалық қосалқы станциядан және 195 аудандық бөлімшеден тұрады. Облыстық әрі қалалық жедел медициналық жәрдем станцияларында (ЖМЖС) 1 524 көшпелі бригада жұмыс істейді, бүгінде ЖМЖС теңгерімінде 2 437 санитариялық автокөлік бар, оның ішінде қалада 1 540 және ауылдық жерлерде 897 көлік қамтылған. Биыл 70 санитариялық автокөлік сатып алынды (жергілікті бюджет - 44, МЖӘ - 1, Лизинг - 25), - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, аудио әрі бейнежазбамен жабдықтаудың жалпы көрсеткіші 7,5 пайызды құрады (оның ішінде: аудио - 2,8%, бейне - 4,8%). ЖМЖ бригадаларының аудиожазбамен 100% жабдықталуы Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалады. Сонымен қатар, аудиожазба функцияларымен Жамбыл облысындағы бригадалардың 11% және Ұлытау облысындағы бригадалардың 83% жарақтандырылған. Еліміздің 2 өңірі бейне-фиксаторлармен қамтылған: Жамбыл облысы 11% және Ақмола облысы 43,5%. Бұдан басқа, дыбыс және бейнежазбамен Солтүстік Қазақстан облысы 100% жабдықталған. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында аудио және бейнежазба құрылғыларын сатып алу жоспарланып отыр.

- 103 қызмет пультіне келіп түсетін барлық шақырулар ақпараттық жүйелерде тіркеледі. Республика бойынша шақыруларды басқарудың автоматтандырылған жүйесiмен жарақтандыру деңгейi 100 пайызды құрады. Санитариялық автокөлікті GPS навигациясымен жабдықтау 100 пайызға жетті. Биылдың үш айында медициналық жабдықтармен жарақтандыру қалада 98,8 пайызды, ауылдық жерлерде 98,1 пайызды құрады, - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.

Еске салсақ, былтыр Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жайында түсінік берді. Сол кезде құқық қорғау органдарының тәжірибесі негізінде оларды бейне жетондармен қамтамасыз ету мүмкіндігі пысықталып жатқаны айтылды.

Айта кетейік, былтыр күзде Парламент Мәжілісінде санитарлық көлікпен қамтамасыз ету проблемасына арналған кеңес өтті.